Жаңа салынған үйлерге берілетін кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды

Ұлдана Мырзуанның оқиғасынан кейін Қазақстанда тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен құрылыс сапасына қатысты мәселе қайта көтерілді. Енді құрылыс компаниялары салған ғимараттарға бес жыл, ал олардың көтергіш конструкцияларына, қасбеті мен шатырына 10 жыл кепілдік беріледі. Сонымен қатар құрылыс талаптарын бұзған мердігерлердің жұмысын тоқтатып, лицензиясын қайтарып алу шаралары күшейтілді. Бұл туралы үкіметтегі брифингте өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Брифинг кезінде БАҚ өкілі министрден Ұлдана Мырзуанның оқиғасы қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын және тұрғын үйлердің сапасы қалай бақыланатынын сұрады.
Министрдің айтуынша, биыл шілдеде күшіне енген жаңа Құрылыс кодексі аясында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының өкілеттігі кеңейтілген. Бұл өзгерістер құрылыс барысын бақылауды күшейтіп, талаптарды бұзған мердігерлерге жедел шара қолдануға мүмкіндік береді.
«Құрылыс кодексін қабылдаған кезде құрылыс компанияларымен бақылауды күшейту мәселесі бойынша пікірталас болды. Көпшілігі бұған қарсы шықты. Бірақ біз Үкімет тарапынан бақылауды қатаңдату ұстанымын қолдадық», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның сөзінше, енді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары (ГАСК) құрылыс жүріп жатқан кезде нысанға барып, тексеру жүргізе алады. Қажет болған жағдайда жұмысты тоқтатып, тіпті мердігердің лицензиясын қайтарып алуға дейін шара қолданады.
«Бұрын Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ) құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама беретін. Бірақ мердігер сотқа шағым түсіріп, сот шешімі шыққанша құрылысын жалғастыра беретін. Енді нұсқама берілген сәттен бастап сот шешімі шыққанға дейін талапты бұзған мердігер құрылыс жүргізе алмайды», – деп түсіндірді министр.
Жаңа үйлерге 10 жылға дейін кепілдік беріледі
Жаңа Құрылыс кодексінде ғимараттарға берілетін кепілдік мерзімі де ұзартылған. Бұған дейін құрылыс компаниялары нысанға екі жыл кепілдік берсе, енді бұл мерзім бес жылға дейін ұлғайтылды. Ал ғимараттың көтергіш конструкцияларына, қасбеті мен шатырына 10 жыл кепілдік беріледі.
Сонымен қатар пайдалануға берілетін нысанды қабылдау тәртібі өзгерген. Бұрын қабылдау-тапсыру актісіне техникалық қадағалау, авторлық қадағалау өкілдері, мердігер мен тапсырыс беруші қол қоятын. Енді бұл құжатқа мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің де қорытындысы қажет.
Министрдің айтуынша, кейбір өңірлер бұл талапты артық шара деп бағалаған. Алайда құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша бақылау қажет.
Құрылыс алаңдарына бейнекамера орнатылуы мүмкін
Ерсайын Нағаспаев құрылыс саласын цифрландыру жұмыстары да қолға алынғанын айтты. Қазір мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құрылыс алаңдарына бейнекамера орнатып, жұмыс барысын бақылау тетігі қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек, Қаржы министрлігімен құрылыс құжаттары цифрлық форматта болмаса, мердігерлердің төлем шоттарын төлемеу мәселесі талқыланып жатыр.
«Бұрын барлық құжат қағаз түрінде болатын. Ғимарат салынып, пайдалануға берілгеннен кейін құжаттар архивке тапсырылатын. Екі-үш жылдан соң қайта жаңғырту немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болса, қажетті құжаттарды табу мүмкін болмайтын. Енді құрылысқа қатысты барлық материал цифрлық форматта сақталады. Бұл жұмыс нысан пайдалануға берілгеннен кейін де жалғасады», – деді министр.
Оның айтуынша, цифрландыру құрылыс барысының әр кезеңін бақылауға және нысанға қатысты құжаттарды кейін де қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Құрылыс сапасына қатысты шағымдарды кім қарайды?
Брифингте министрден тұрғындар құрылыс сапасына қатысты шағымды қайда жолдауы керектігі де сұралды.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде мұндай шағымдар бойынша тікелей тексеру жүргізу өкілеттігі жоқ. Бұл жұмыспен жергілікті атқарушы органдар айналысады.
«Шағымдар министрлікке емес, жергілікті атқарушы органдарға түседі. Біздің өкілеттіктерді нақты ажыратып алу керек. Дегенмен, әрбір шағым бойынша әрекет етуге дайынбыз», – деді ол.
Министрлік жергілікті әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істейтінін және құрылысқа қатысты мәселелер бойынша өз құзыреті шегінде шара қабылдауға дайын екенін атап өтті.