Миллиардтар күткен нарық: алда қандай IPO-лар бар

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
фото: NY

Жасанды интеллект, энергетика, цифрлық сервистер және теміржол. Жыл соңындағы IPO күнтізбесінде әртүрлі саланың компаниялары тоғысып отыр. Олардың мақсаты ортақ – дамуға капитал тарту. Ал инвестор үшін басты мәселе: осы бизнестердің болашағы қандай бағаға ұсынылады.

2026 жылдың аяқталуына екі айға жетпейтін уақыт қалды. Қор нарығында бұл бірнеше ірі орналастыруға мүмкіндік беретін кезең. Дегенмен компанияның биржаға шығу ниеті мен акция саудасының басталуы арасында ұзақ жол бар. Бірі құжаттарын жариялап, инвесторлармен кездесуге дайындалса, енді бірі нарықтың қолайлы сәтін күтіп отыр. Қолайлы сәт әдетте жылдың соңы деп жатады…

Kursiv Media жыл соңына дейін IPO өткізуі мүмкін компанияларды жинақтап, олардың биржаға шығу жоспары мен ықтимал мерзімдерін шолып шықты. Тізімде жасанды интеллект, энергетика және цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық компаниялармен қатар, отандық «Қазақстан темір жолы» да бар.

IPO · 2026

Жыл соңына дейін кім үлгереді?

Халықаралық компаниялар мен ҚТЖ: жарияланған жоспарлар және ықтимал мерзімдер.

Anthropic

АҚШ · Жасанды интеллект

IPO құжаттары жарияланған. Нақты күн мен ұсыныс бағасы бекітілмеген.

Қараша 2026 Күтіліп отыр

SB Energy

АҚШ · Энергетика және дата-орталықтар

IPO құжаттары тапсырылған. Орналастыру келесі жылға ауысуы мүмкін.

Желтоқсан / 2027 Мерзімі белгісіз

Strava

АҚШ · Спорт және цифрлық жазылым

IPO үшін құпия өтінім берілген. Биржаға шығудың жария кестесі жоқ.

Күні жарияланбаған Дайындық кезеңі

Oura

Финляндия · Денсаулық технологиялары

Қыркүйекте IPO кейінге қалдырылды. Жаңа мерзім жарияланған жоқ.

Жаңа күні белгісіз Кейінге қалдырылған

Қазақстан темір жолы

Қазақстан · Көлік және логистика

Акциялардың 20%-ына дейін ұсыну мүмкіндігі қарастырылған. Нақты күн мен баға жарияланбаған.

2026 жылдың соңы Жоспар сақталған
05.11.2026 жағдай бойынша. Көрсетілген мерзімдер — жоспарлар мен нарықтық күтулер. Орналастыру күні өзгеруі мүмкін.
Дереккөздер: AP, Yahoo Finance, Forge, Reuters, Самұрық-Қазына.

Claude биржаға бет алды: инвестор AI-ға қанша төлеуге дайын?

Claude жасанды интеллектін әзірлейтін Anthropic – жыл соңындағы ең көп назар аудартатын IPO үміткерлерінің бірі. Компания 26 қазанда IPO құжаттарын жариялады. Биржаға қарашада шығуы күтіледі, алайда түпкілікті мерзім мен ұсыныс бағасы әлі бекітілмеген.

Оның ықтимал IPO-сы инвесторлардың жасанды интеллект секторына деген сұранысын бағалайтын маңызды оқиға болуы мүмкін. Нарық компанияның технологиялық мүмкіндігін ғана емес, оны дамытуға кететін шығынды да таразылайды. Есептеу қуатына жұмсалатын қаражат, бәсеке және түсімнің тұрақтылығы бағалауда шешуші рөл атқарады.

Anthropic үшін басты міндет – AI-ға деген қызығушылықты ұзақмерзімді инвестициялық сенімге айналдыру. Ал инвестор үшін сұрақ – компанияның болашақ өсімі ұсынылатын бағаны ақтай ала ма?

AI-ға электр керек: SB Energy сұранысты капиталға айналдыра ма?

Жасанды интеллект жарысының артында ауқымды инфрақұрылым тұр. Модельдерді оқыту мен іске қосуға деректер орталықтары, ал олардың үздіксіз жұмысына электр энергиясы қажет. SB Energy осы сұранысқа сүйенетін бизнестердің бірі.

Энергетика және деректер орталықтарының инфрақұрылымын дамытатын компания IPO құжаттарын тапсырған. Соңғы хабарларға сәйкес, орналастыру желтоқсанда өтуі немесе 2027 жылға ауысуы мүмкін.

SB Energy-ді бағалауда AI нарығының өсуімен қатар, жобалардың іске қосылу мерзімі мен құрылыс құны маңызды болады. Өйткені болашақ сұранысты нақты түсімге айналдыру үшін нысандарды уақытында аяқтап, олардың жұмысын қаржыландыру қажет.

Миллиондаған шақырымнан тұрақты табысқа

Жүгірушілер мен велоспорт әуесқойларына таныс Strava спорттық белсенділікті цифрлық қауымдастыққа айналдырды. Енді платформаның өзі капитал нарығына шығуға дайындалып жатыр.

Компания IPO үшін құпия өтінім бергенімен, биржаға шығатын күнін жариялаған жоқ. Сондықтан жыл соңына дейін орналастыру өткізу мүмкіндігі сақталғанымен, нақты кесте туралы айту ерте.

Strava-ның ықтимал IPO-сында инвесторлар аудитория көлемімен қатар, ақылы жазылымның өсуіне назар аударуы мүмкін. Пайдаланушыны қосымшаға тіркеу – алғашқы қадам. Оны тұрақты клиентке айналдыру және ұзақ уақыт ұстап қалу бизнестің табыстылығына тікелей әсер етеді.

Ақылды сақина қолайлы сәтті күтіп отыр

Денсаулық көрсеткіштерін бақылайтын смарт сақина өндірушісі Oura IPO-ға дайындалғанымен, қыркүйекте орналастыруын кейінге қалдырды. Компания шешімін нарықтағы белгісіздікпен түсіндірді. Жаңа мерзім жарияланған жоқ.

Сондықтан Oura-ны жыл соңына дейін міндетті түрде биржаға шығатын компания ретінде қарастыруға болмайды. Ол әзірге ықтимал орналастыруларды бақылайтын инвесторлардың тізімінде қалады.

Oura мысалы IPO-да дайындықпен қатар, уақыт таңдаудың да маңызды екенін көрсетеді. Компанияның өсу көрсеткіштері жақсы болған күннің өзінде, нарық ұсынған баға акционерлердің күткеніне сәйкес келмеуі мүмкін.

ҚТЖ: қазақ транзитінің құны қанша?

Қазақстандық инвесторлар үшін назар аударарлық оқиғалардың бірі – «Қазақстан темір жолының» ықтимал IPO-сы. «Самұрық-Қазына» компанияны 2026 жылдың соңына дейін биржаға шығару жоспарын сақтап отыр. Инвесторларға акциялардың 20%-ына дейін ұсынылуы мүмкін.

ҚТЖ-ның инвестициялық тартымдылығы Қазақстанның транзиттік әлеуетімен байланысты. Алайда жүк ағынының ұлғаюы акционер табысының дәл сондай қарқынмен өсетінін білдірмейді. Компанияның нәтижесіне тарифтер, пайдалану шығындары, инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі және қарыз жүктемесі қатар әсер етеді.

IPO барысында тартылған қаражатты қарыз міндеттемелерінің бір бөлігін өтеуге және инвестициялық бағдарламаны қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Оның ішінде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру және жылжымалы құрамды жаңарту бар.

ҚТЖ-ның биржаға шығу мерзіміне қатысты бұған дейін әртүрлі ақпарат тараған. Мамырда IPO-ның 2027 жылға ауысуы туралы хабарлар шыққанымен, «Самұрық-Қазына» кейін 2026 жылғы жоспардың сақталғанын мәлімдеді. Қыркүйекте де жыл соңына дейін өткізу мақсаты қайталанды. Әзірге нақты күн мен акция бағасы жарияланған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз