«Бүркіт» арнайы жасағының тарихында алғаш рет жауынгер қыз қызметке кірісті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Ұлттық гвардия баспасөз қызметі

Қазақстан ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағының тарихында алғаш рет қыз әскери қызметші қызметке қабылданды. Қымбат есімді жауынгер халықаралық жарыстарда «Китана» лақап атымен танылған. Енді ол елдегі беделді арнайы бөлімшенің құрамында қызмет етеді деп жазады Kursiv Media.

Қымбаттың «Бүркіт» жасағына қосылуына Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысы себеп болған. Ол жарыста Қазақстан атынан сынға түскен «Томирис» әйелдер командасының құрамында өнер көрсетті. Қазақстандық қыздар әйелдер санатында бірінші орын алып, жалпы командалық есепте 18-орынға тұрақтады. Осылайша, бірнеше ерлер командасынан жоғары нәтиже көрсетті.

Жарыс кезінде мергендігімен көзге түскен Қымбатқа «Бүркіт» арнайы жасағының өкілдері қызметке қосылуды ұсынған. Ол ұсынысты қабылдап, бөлімше тарихындағы алғашқы әйел әскери қызметші атанды.

фото: Ұлттық гвардия баспасөз қызметі

Қымбаттың спорттық жетістіктері де аз емес. Ол қоян-қолтық ұрыстан Қазақстанның алты дүркін чемпионы. Әлем чемпионатында күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Сонымен қатар әлем кубогы, Еуропа және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері.

Джиу-джитсудан үш рет әлем және Азия чемпионы атанып, Еуропа чемпионатында екі мәрте жеңіске жеткен. Сондай-ақ ММА-дан Қазақстан және Азия чемпионы, жауынгерлік самбодан ел чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік полиция ойындарында дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль иеленген. Қоян-қолтық ұрыс пен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ал самбо мен ММА-дан спорт шебері.

Қазір Қымбаттың басты мақсаты – күрең берет сынағынан сүрінбей өту. Бұл сынақ жауынгердің физикалық дайындығын, төзімділігі мен рухының мықтылығын тексереді. Егер сынақтан сәтті өтсе, ол Қазақстан Ұлттық ұланы тарихында күрең берет алған алғашқы әйел жауынгер атануы мүмкін.

Оқи отырыңыз:


Сондай-ақ оқыңыз