Елге 4,5 млрд теңге залал келтірген күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Елге 4,5 млрд теңге залал келтірген күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Елге 4,5 млрд теңге залал келтірген күдікті Грузиядан экстрадицияланды / коллаж kursiv.media

Грузияда жасырынып жүрген Қазақстан азаматы елге қайтарылды. Ол өзін отандық өндіруші ретінде көрсетіп, ауруханаларға сапасыз медициналық техника өткізу арқылы мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірген, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасап, сондай-ақ жалған медициналық бұйымдарды ірі мөлшерде өндіріп өткізген Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады.

Тергеу барысында күдіктінің мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтарды сатып алу жөніндегі тендерлерінде басымдылыққа ие болу мақсатында отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Атап айтқанда, ол нақты өндірісті ұйымдастырмай, медициналық техниканың Қазақстанда өндірілетіні туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынған.

Нәтижесінде шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізіліп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.

«2026 жылдың наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-і жымқыру үшін іздеуде болған.

Сондай-ақ оқыңыз