«Пробиркадағы сәби»: елімізде алғаш рет экомен өмірге келген балалар қайда жүр

Елде әр жылы эконың көмегімен 3000-ға жуық бала туады. Жыл сайын бір Республика сарайын толтырып береміз деп күледі Қазақстандағы экстракорпоральды ұрықтандырудың негізін қалаушы Салтанат Байқошқарова. Оның жетекшілігімен 1996 жылы елімізде эко көмегімен алғашқы сәби өмірге келді. 4 қазанда «Экомед» клиникасының отыз жылдығына орай өткен жиында сол «пробикадағы балалар» бір орталыққа жиналды.
«Жылдар бойы сәби күттік»
Экстракорпоральды ұрықтандыру кең таралмай тұрғанда алғаш болып осы әдіспен бала көтеруге келіскендердің бірі – Пермяковтар отбасы. Отанасы Лариса Пермяковаға алғашында бедеулік деген диагноз қойылған. Дәрігерлерді де, халық емшілерін де жағалайды, бірақ бала сүю бақыты бұйырмаған. Достарының бірінен кездейсоқ осы әдіс туралы естіп қалады.
«Не әдіс, не ем екенін түсінбедім. Бірақ осыны қарау керек, жаңа нәрсені де көрейін деп шештім. Ішімнен осы нәрсе менікі, маған көмектеседі деген қатты сенім болды», – дейді Лариса Пермякова.
Эко ұрықтандыруға Салтанат Берденқызы мен акушер-гинеколог Татьяна Копылева жауапты болады. Олар ұрықтану нәтижесінде пайда болған бес эмбрионды Ларисаның жатырына орналастырады. Бес ұрықтың екеуі ғана жатырға жабысып, өсіп-жетіле бастайды. Аз уақыттан кейін екі ұрықтың біреуінің дамуы тоқтап қалады.
«Бізде уайым, қорқа бастадық. Мәскеудегі профессор Валерий Здановскийге хабарласамыз, қайтпек керек, біреуі тоқтап қалды дейміз. Ол болса «күтіңдер, екіншісі де қатып қалуы мүмкін» дейді жайбарақат. Зәреміз ұшты. Бірақ Аллаға шүкір, ұрық өсіп-жетіліп, өмірге сәби келді», – дейді Татьяна Копылева.
Юлианна 1996 жылы 31 шілдеде туады. Арада екі ай өткенде тағы бір отбасында Ислам есімді ұл өмірге келеді. Салтанат Байқошқарованың сөзінше, отыз жыл бойы ол отбасылардың, сәбилердің жеке деректері құпия сақталған. Ұзақ уақыт өткен соң ғана көпшілік алдына шығарып, таныстыруды шешкен. «Пробиркадағы қыз» Юлианна Пермякова 18 жасында Англияға оқуға түсіп, сол жерде мансабын жалғастырады. Алматыдағы жиынға да арнайы Лондонннан ұшып келген.
«Мен – осы кісілердің еңбегінің нәтижесі ғанамын. Тек үлкен алғыс айтамын және шексіз сыйлаймын», – дейді бойжеткеннің өзі жымия.

Кездесуге Юлианнадан бөлек эко әдісімен өмірге келген отызға жуық қыз-жігіттер жиналды. Олардың алды отау құрып, өздері бала күтіп жүр. Ал өзгелері мектеп қабырғасында оқиды. Залда отырған қыздардың төртеуіне Салтанат, ал біріне орталықтағы дәрігер Перизаттың есімі берілген екен. 1996 жылдан бері осы әдіспен отыз мыңға жуық сәби туды. Бедеу деген диагноз қойылған мыңдаған отбасы эко арқылы бала сүю бақытын сезінді.
«Бізге ешкім сенбеген»
Қазақстандағы репродуктивті медицина саласындағы ең алғашқы және ең ірі орталық «Экомедтің» негізін қалаушы Салтанат Байқошқарова мансабын дәрігер-зертханашы болып бастаған. Тоқсаныншы жылдардың басында Ресей-Америка репродуктивті медицина және адам генетикасы орталығында тағылымдамадан өтеді. Кейінірек әріптесі Татьяна Копылева екеуі Мәскеудегі бедеулікті емдеу орталығына қатынап жүріп, жаңа әдісті үйренеді. Демеуші жоқ, Байқошқарованың күйеуі, кәсіпкер Батыр Бекмұсаев жеке қаражатына оқытады. Төрт жыл бойы жолдасының қолдауымен және ақшасымен Мәскеуге жол салып, КСРО-дағы эко медицинаның негізін қалаушы Валерий Здановскийден тәлім алады.
«Бізде энтузиазм, кей тұста тіпті фанатизм болды. Бірақ сол дүниелердің арқасында зертхана ашылды», – дейді маман.


1995 жылы сәуірде Батыр Бекмұсаев «Экомед» ЖШС-ны ресми түрде тіркейді. Қазақстан тәуелсіздігін алып, есін енді жиып, жыртығын жамап жатқан тұста медицинаға революция әкелген жаңа зертхана ашылады.
«Алғашқы жылдары бізбен күресті. Өшіріп, тоқтатып, жауып тастамақ болды. Бірақ жақын достарымыз, сол кездегі Батырдың достары, ғалымдар үлкен қолдау көрсетті. Cовмин ауруханасының бас дәрігері Бекмахан Қуантаев, кейінірек Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев қолдады. Осындай еңбектің арқасында ғана лицензия алдық. Ол кезде тіпті жеке емханаларға берілетін лицензия деген ұғымның өзі жоқ еді», – деп еске алады Байқошқарова.
Бір аппарат құны бір пәтермен тең
«Экомед» Орталық Азияда алғаш болып бедеулікті емдеуді бастаған. Бірақ бастапқыда зертхананың базасы өзге ауруханаларда жарамсыз деп сызып тастаған, қираған құрал-жабдықтардан құралған еді.
«Татьяна Копылеваның жолдасы және менің күйеуім Батыр Мұсабеков инженерлер еді ғой. Жарамайды деп тастаған кушеткаларды, гинекологиялық креслоларды қайта құрастырып, жинап береді. Соларды пайдаландық. Ол кезде тоқсаныншы жылдары басы артық ешнәрсе жоқ еді», – дейді дәрігер.
Клиниканың алғашқы УЗИ-аппаратын несиеге 35 мың долларға алған. Ол уақытта Алматыдағы бір бөлмелі пәтер бес мың доллар тұратын деп салыстырады гинеколог. Ал әйелдер жатырын тексеруде пайдаланатын бір датчик құны 12 мың доллар тұрған.

Жиында «Экомед» зертханасы базасында «Қазақстандағы эко даму тарихының мұражайы» ашылды. Клиникадағы құрал-жабдықтардың барлығы сол мұражайға қойылды. Он жылдан кейін оларды республикалық мұражайға тапсырармыз дейді Салтанат Байқошқарова.

1995 жылдары клиникадағы инкубаторлар көлемі бір самауырдай болса, қазіргі зертханадағы аппараттар тұтас бөлмені алып жатыр.

Бұл инкубаторлар ЖИ арқылы жұмыс істейді. Зертхана мамандарының түсіндіруінше, инкубаторлар эмбриондардың жағдайын бақылап әрі бағалап отырады. ЖИ-дің бағалауына қарай репродуктолог дәрігерлер ең мықты деген ұрықты таңдап алады. Бұл бедеулікті емдеу уақытын барынша қысқартады.

Ал дайын эмбриондар бөшкеге ұқсас мынадай дюар атты термоыдыстарда сақталады. Бір дюарда 200-500 балаға дейін яғни 500 ұрыққа дейін сақталып тұрады.
Салтанат Байқошқарованың айтуынша, елде туатын балалардың 2%-ы эко арқылы өмірге келеді екен. Енді зертхана осы көрсеткішті 4%-ға дейін жеткізуге тырысады. Сол арқылы ел демографиясының дамуына елеулі үлес қосамыз дейді Қазақстандағы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісін алғаш енгізген маман.