Қазақстандық күнбағыс қауызы Еуропа электр станцияларының отынына айналды

Қазақстан күнбағысты қайта өңдеу қалдықтарынан өндірілетін отын экспортын айтарлықтай арттырды. Өнімнің негізгі бөлігін әлі де Польша сатып алып отыр. Kursiv.Media бұл туралы Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан таяуда ғана өндіріс қалдығы ретінде қабылданып келген өнім экспортын арттырып жатыр. 2026 жылдың тоғыз айында түйіршіктелген күнбағыс қауызын сатудан түскен экспорттық түсім 6,15 есе өсіп, 3,4 млн долларға жетті. Негізгі өткізу нарығы — Еуропа, онда қазақстандық өнім электр станцияларында биоотын ретінде пайдаланылады.
Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстан 63,2 мың тонна күнбағыс шикізатын экспорттады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3,56 есе көп. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың толық кезеңінде шетелдік жеткізілімдер 1,35 млн доллар сомасына 33,4 мың тоннаны құраған болатын.
Қазақстандық өнімнің ең ірі сатып алушысы Польша. 2025 жылы экспорттың шамамен 98%-ы осы елге тиесілі болды. Польшаның жылу-электр станциялары түйіршіктелген күнбағыс қауызын энергия өндіру үшін биоотын ретінде пайдаланады. Бұл ретте тек бір ірі электр станциясының қажеттілігі айына 30 мың тонна түйіршікке дейін жетуі мүмкін.
Қазір Қазақстанда күнбағыс қабығынан отын түйіршіктерін жасайтын 10-ға жуық зауыт бар. Бұл зауыттар барлығы айына шамамен 10 мың тонна өнім шығарады. Отынның барлығы дерлік шетелге сатылады.
ҰМДҚҚ өкілдері қауызды қайта өңдеу кәсіпорындарға бір мезгілде екі міндетті шешуге мүмкіндік беретінін айтады: ішкі энергетикалық қажеттіліктерді қамтамасыз ету және қосымша экспорттық түсім алу.
Сонымен қатар қауызды жеке электр энергиясын өндіру үшін пайдалану бөлек бағытқа айналып келеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстан 601,8 млн долларға күнбағыс майын экспорттаған. Экспорттың басым бөлігі Өзбекстан мен Қытай нарығына тиесілі.