Қостанайда зейнеткерді өлтірді деген күдікпен 17 жастағы жасөспірім ұсталды

Қостанайда полицейлер 86 жастағы қартты өтірді деген күдікпен 17 жастағы жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, зейнеткердің мәйіті өз үйінің ауласынан зорлық-зомбылық белгілерімен табылған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол жергілікті кәмелетке толмаған тұрғын болып шықты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 30 қазанда Көбеев көшесінде болған. Зейнеткер тұрғын үйдің ауласына серуендеуге шыққан кезде белгісіз біреулер оған шабуыл жасаған.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 89 жастағы кейуананы ұлы өлтіруі мүмкін деген ақпарат шыққан. Анасы 66 жастағы ұлын бақшадан картоп қазуға шақырған.