Шерзат Полаттың қазасына арнап өлең шығарған ақын қамауға алынды

Жамбыл облысында Шерзат Полаттың қазасына арнаған өлеңімен көпшілікке кеңінен танылған ақын Ербол Бықыбаев қамауға алынды. Бұл туралы заңгер Дәулетхан Ахметов инстаграм парақшасында айтты, деп жазады KursivM.edia.
«Қылмыстық Кодекстің 256-бабы, екінші бөлігімен терроризмді насихаттау күдігі бойынша ұстап отыр. Бұл бап бойынша жазасы өте ауыр. Жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бас бостандығынан шектеу жазасы қарастырылмаған», – деді ол парақшасында.
Заңгердің сөзінше, Ербол Бықыбаев тікелей эфирлердің бірінде діни араздықты қоздыру мүмкін деген сипаттағы сөздер айтқан. Бірақ қамауға алынуына дәл сол видеосы себеп деген нақты ақпарат жоқ.
Kursiv.Media осыған қатысты облыстық полиция департаментіне сұрау жіберді.
Шерзат Полат қазасына қатысты сот қарсаңында Бықыбаев «Қарабет» деген әнімен танылған. Туындысында ол жасөспірімнің өліміне қатысы бар айыпталушылардың әрекетін сынға алады.