Тоқаев Иордания Королі II Абдалланы Al-Farabi орденімен марапаттады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев Иордания Королі II Абдалланы Al-Farabi орденімен марапаттады / Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалламен кездесіп, оның сапарын екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің тереңдей түскенінің айқын көрінісі деп атады. Президент Иорданияның халықаралық аренадағы рөлі мен беделін жоғары бағалады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Біз Иорданиямен сан қырлы байланыстарды жоғары бағалаймыз. Еліміз Сізді бүкіл әлемде беделі биік көрнекті әрі көреген көшбасшы ретінде біледі. Сіздің тегеурінді, байыпты басшылығыңызбен Иордания бейбітшілік пен тұрақтылықтың, абырой мен әділеттің мекені, сондай-ақ қарқынды даму үстіндегі инновация мен орнықты өсім орталығы ретінде танылды», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Иордания монархына жоғары награда табыстады. II Абдалла бұл орденнің алғашқы иегері атанды.

«Қазақстан мен Иорданияның арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге Al-Farabi орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе. Аталған мәртебелі марапаттың алғашқы иегері болып отырсыз. Мұны тарихи оқиға деп санаймыз», – деп атап өтті Тоқаев.

Өз кезегінде Иордания Королі де Қазақстан президентін елінің жоғары мемлекеттік марапаты – al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы бұл құрмет екі халық арасындағы берік достық пен саяси сенімнің айғағы екенін жеткізді.

«Мен үшін Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары наградасына ие болу – зор мәртебе. Осы жоғары награданы еңбегімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнмен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз