Түрікменстан Қазақстан шекарасына дейін «Солтүстік–Оңтүстік» бағытындағы жолды ашты

Жарияланды
«Солтүстік – Оңтүстік»бағытындағы жол учаскесін ашыт/ turkmenistan.gov.tm

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Каспий теңізінің жағалауындағы Түрікменбашы қаласынан Қазақстан шекарасына дейінгі автомобиль жолының жаңа учаскесін пайдалануға берді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Түрікменстан басшысы Гарабогаз (Қарабұғазкөл) қаласынан Қазақстанмен шекаралас аумаққа дейінгі 44 шақырымдық жол учаскесінің ашылу рәсіміне қатысты. Аталған жол «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің құрамдас бөлігі саналады.

Сердар Бердімұхамедовтің айтуынша, жаңа жол халықаралық маңызы бар көлік бағыттарының маңызды буынына айналып, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Түрікменстан президенті ұзындығы 550 шақырым болатын Ашхабад – Дашоғыз автомобиль магистралінің құрылысын бастау рәсіміне қатысты.

Жаңа магистраль елдің солтүстік өңірін астанамен байланыстырып, көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, транзиттік әлеуетті арттыруға және көрші мемлекеттер арасындағы тауар айналымы мен жүк және жолаушылар тасымалы көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Айта кетейік, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін құру туралы келісімге 2000 жылы Ресей, Үндістан және Иран қол қойған. Кейін жобаға қатысушы мемлекеттер саны 14-ке дейін өсті.

Түрікменстанда ашылған жаңа жол учаскесі Қазақстанның көлік-логистикалық байланыстарын дамытуға және өңірлік транзиттік бағыттардың мүмкіндіктерін кеңейтуге қосымша жағдай жасайды. 

Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады.

Сондай-ақ оқыңыз