Зейнеткерлер қай банктерден ипотека ала алады

Қазақстанда зейнетке шыққанымен, жұмысын жалғастырып жүрген азаматтар ипотека рәсімдей алады. Алайда банктердің жас шектеуі мен несие мерзіміне қатысты талаптары әртүрлі. Кейбірі зейнеткерлерге баспана несиесін берсе, енді бірі оларды тек қосалқы қарыз алушы ретінде қабылдайды. Krisha.kz мамандары зейнеткерлерге ипотека беретін банктерді анықтап, несие алу талаптары мен жас шектеулеріне шолу жасады.
Қай банктер зейнеткерлерге ипотека береді
Қазақстандағы кейбір банктер зейнет жасындағы азаматтарға ипотека рәсімдеуге мүмкіндік береді. Алайда несие мерзімі қарыз алушының жасына байланысты шектеледі.
- Банк ЦентрКредит – ипотека алуға болады. Бірақ соңғы төлем жасалған кезде қарыз алушының жасы 68-ден аспауы керек. Мысалы, 63 жастағы азаматқа ипотека ең көбі 4–5 жылға берілуі мүмкін. Зейнеткерлер бұл банкте қосалқы қарыз алушы да бола алады.
- Отбасы банк – ипотекаға өтінімді 64,5 жасқа дейін беруге болады. Несиені толық өтеу мерзімі 70 жастан аспауы тиіс. Ең ұзақ несие мерзімі – 5,5 жыл. Қосалқы қарыз алушы ретінде де соңғы төлем кезінде 70 жастан аспайтын азамат қабылданады.
- Alatau City Bank – негізгі қарыз алушының жасы өтінім берген кезде 63-тен, ал қосалқы қарыз алушының жасы 65-тен аспауы керек. Алайда бұл мүмкіндік Шымкенттегі бір ғана тұрғын үй кешеніне арналған бағдарлама аясында қолжетімді.
Қай банктер зейнеткерлерді тек қосалқы қарыз алушы ретінде қабылдайды
Кейбір банктер зейнеткерлерге жеке ипотека бермегенімен, оларды жақындарының тұрғын үй несиесіне қосалқы қарыз алушы ретінде қоса алады.
Мұндай мүмкіндік Нұрбанк пен ForteBank-те бар. Дегенмен нақты талаптар мен шектеулерді банктердің бөлімшелерінен анықтау қажет.
Қай банктер зейнеткерлерге ипотека бермейді
Бірқатар қаржы ұйымдары зейнеткерлерге ипотека рәсімдеуге де, қосалқы қарыз алушы болуға да рұқсат бермейді.
Олардың қатарында:
- Altyn Bank;
- Halyk Bank;
- Bank RBK;
- Freedom Bank;
- Bereke Bank бар.
Ал Еуразиялық банк қазіргі уақытта ипотека бермейді.
Тағы да оқыңыз: Зейнетақы жетпесе не істеу керек: қарттарға арналған қосымша табыс көздері