Жеке заттарды тасымалдау ережесі: шетелден қанша тауарды бажсыз әкелуге болады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жеке заттарды тасымалдау ережесі: шетелден қанша тауарды бажсыз әкелуге болады
фото: pexels.com

Елге ұшақпен келетін азаматтар құны 10 000 еуроға дейінгі және салмағы 50 кг-ға дейінгі жеке заттарды бажсыз кіргізе алады. Дегенмен, телефон, ноутбук немесе ақша сомасы мен алкоголь өнімдеріне қатаң лимиттер қойылған, деп хабарлайды Kursiv.Media Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Жеке пайдалануға арналған тауарлар – жеке, отбасылық және үй қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған, кәсіпкерлік қызметпен байланысы жоқ заттар.

ЕАЭО шекарасы арқылы қанша тауар әкелуге рұқсат етіледі?

  • ішік (мех бұйымы) – бір адамға бір атаудағы, өлшемдегі және фасондағы 1 зат;
  • ұялы телефон – бір адамға 2 дана;
  • планшет – бір адамға 2 дана;
  • ноутбук – бір адамға 1 дана;
  • зергерлік бұйымдар – бір адамға 5 зат;
  • велосипед – бір адамға 1 дана;
  • балалар арбасы – бір адамға 1 дана.

Тауарлар кедендік шекара арқылы айына 1 рет тасымалданған жағдайда ғана жеке пайдалануға арналған тауарларға жатады.

Көлік құралдарын қоспағанда, бұрын қолданыста болған тауарларға сандық көрсеткіштер қолданылмайды. Жылына 1 көлік құралынан артық әкелу кәсіпкерлік қызмет болып саналады.

Тауарларды бажсыз әкелу шарттары

Қазақстанға ұшақпен ұшып келетін азаматтар жалпы құны 10 000 еуроға дейін және салмағы 50 кг-ға дейін болатын жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкеле алады.

Белгіленген лимиттерден асып кеткен жағдайда кедендік баж салығын төлеуге тура келеді. Салық мөлшерлемесі шектен асқан құнның 30%-ын құрайды.

Бұл нормалар Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімімен бекітілген және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше барлық елдерде қолданылады. Тауарларды рәсімдеу үшін жолаушылардың кедендік декларациясы пайдаланылады.

Лимиттен тыс не әкелуге болады?

Кейбір тауарлар жалпы лимитте есепке алынбайды. Мысалы, кәмелетке толған азаматтар Қазақстанға мынадай өнімдерді бажсыз еркін әкеле алады:

  • алкогольді ішімдіктер мен сыра – 3 литрге дейін;
  • сигареттер – 200 данаға дейін;
  • сигаралар немесе сигариллалар – 50 данаға дейін;
  • табак – 250 граммға дейін.

Алып өтуге рұқсат етілген алкогольдің ең жоғары көлемі – 5 литр, бірақ бұл жағдайда бажсыз лимиттен артық әр литр үшін 10 еуродан төлеу қажет болады.

Қазақстанға кіргізуге заңмен тыйым салынған заттар:

  • есірткі және психотроптық заттар;
  • қару-жарақ пен оқ-дәрілер;
  • жарылғыш заттар;
  • токсинді және радиоактивті материалдар;
  • қауіпсіздікке қатер төндіретін тауарлар.

Бұдан бөлек, өнімнің кейбір санаттарын әкелуге шектеулер қойылған. Мысалы, жануарлар мен өсімдік тектес кейбір азық-түлік өнімдері үшін ветеринариялық және фитосанитариялық талаптар қолданылады.

Жекелеген дәрілік заттарды тек қажетті құжаттар болған жағдайда ғана тасымалдауға болады. Сонымен бірге шектеулер кейбір техникалық құралдарға және электронды сигареттерге (вейптерге) де қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз