1 млрд теңге табыс тапқан: криптовалюта мен есірткіні заңсыз сатқандар сотталды

Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастап, есірткі саудасынан түскен ақшаны заңдастырған екі адам сотталды. Олар Binance платформасының P2P қызметі арқылы рұқсатсыз цифрлық активтер саудалап, 1 млрд теңгеден астам сомаға криптовалюта сатқан, деп хабарлайды Kursiv Media.
Тергеу мәліметінше, күдіктілердің заңсыз айырбастаудан тапқан табысы 178 млн теңгеге жеткен. Сонымен қатар олардың бірі есірткі сатудан түскен ақшаны заңдастыруға қатысқан.
Қылмыстық схемада дропперлердің банк шоттары пайдаланылған. Сол шоттар арқылы 600 млн теңгеден астам ақша аударылып, кейін криптовалютаға айырбасталған. Қаражат есірткі сатушылардың криптоәмияндарына жіберіліп отырған. Мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT (доллар) болған.
Сотталғандар заңсыз табысқа жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды туыстарының атына тіркеген. Кейін көліктерді кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген.
Сот үкімімен олардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді.
Тағы да оқыңыз: 918 мың доллар: Ақтөбеде заңсыз ақшаны криптовалютаға айналдырғандар ұсталды