Конгрестегі жаңа күштердің Украина мен Иранға ықпалы қандай

АҚШ-тағы аралық сайлау бірнеше елдің саяси өміріне өзгеріс әкелді. 2026 жылғы 3 қарашада өткен дауыс беру нәтижесінде демократтар Конгрестің екі палатасында да басымдыққа қол жеткізді. Associated Press агенттігі Сенаттағы демократтардың жеңісін сайлау түні, ал Өкілдер палатасындағы басымдығын келесі күні таңға жуық жариялады. Президент Дональд Трамптың әкімшілігі енді оппозиция ықпалы артқан Конгреспен жұмыс істейді. Kursiv.Media АҚШ-та қос палатада жеңіске жеткен демократтар Украина және Иран елдеріне қалай әсер ететінін талдады.
Сенатқа жол ашқан тарихи жеңіс
Сайлаудың ерекше оқиғаларының бірі Мичиганда тіркелді. Демократ Абдул әл-Сайед республикашыл Майк Роджерсті жеңіп, АҚШ Сенатына сайланған тұңғыш мұсылман атанды. Оның жеңісі демократтарға осы штаттағы сенаторлық орынды сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Әл-Сайедтің жеңісі Зохран Мамданидің саяси жетістігін де еске түсірді. Мамдани 2025 жылғы қарашада, яғни биылғы аралық сайлаудан бір жыл бұрын, Нью-Йорк мэрі болып сайланған еді.
Сол кезде 34 жаста болған саясаткер қаланың алғашқы мұсылман мэрі, Оңтүстік Азиядан шыққан және Африкада туған алғашқы басшысы ретінде тарихқа енді. Бір адамның жеңісі бірден бірнеше тарихи белеске айналды.
Техастағы тарихи жеңіс: 38 жылдық үзіліс аяқталды
Осы сайлаудағы «мұсылман жеңді» дегенге қарағанда әлдеқайда ірі оқиғалардың бірі ширек ғасырда демократтар жеңіс дәмін сезбеген Техас штатында демократтардың жеңіске жетуі. Республикашылдардың берік тірегі саналған Техас бұл сайлауда тосын нәтиже көрсетті. Демократ Джеймс Таларико АҚШ Сенаты үшін бәсекеде республикашыл Кен Пэкстонды жеңді. Осылайша ол 1988 жылдан бері Техастан Сенатқа сайланған алғашқы демократ атанды. Ал демократтардың штат көлеміндегі сайлауларда 1994 жылдан бері жалғасқан жеңілістер тізбегі үзілді. Осы штаттағы сайлау нағыз рекордтарға толы болды деп айтсақ та болады. Соның бірі осы екі кандидат арасындағы сайлау алды жаранамалар шығыны 544 млн доллардан асқан.
АҚШ Конгресіндегі орындар
2026 жылғы аралық сайлау · Алдын ала нәтиже
Сенат
Барлығы 100 орын*54 орынға демократтармен бірге есептелген 2 тәуелсіз сенатор кіреді. Көрсеткіш бүкіл палатаның құрамын қамтиды.
Өкілдер палатасы
Барлығы 435 орынКөпшілікке қажет: 218 орын.
Елдегі «қымбатшылық» демократтарға жақсы көмек көрсетті
Тарихи жеңістер назар аудартқанымен, сайлаушының күнделікті алаңдаушылығы тұрмыс жағдайына тіреледі. AP сайлаудан кейінгі шолуында қымбатшылықты республикашылдардың жеңілісіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі ретінде атайды.
Азық-түлікке, баспанаға және басқа қажеттіліктерге кететін шығын көбейген сайын, азамат биліктің экономикалық уәдесін өз отбасының жағдайымен салыстырады. Статистикадағы өсім дастарқандағы молшылыққа айналмаса, ресми мәлімдемеге сенім де әлсірейді.
Сондықтан бұл нәтижені билікке берілген қоғамдық баға деп түсіндіруге болады. Сайлаушының дауысы өзгеріске деген үмітті де, орындалмаған уәдеге наразылықты да білдіруі мүмкін.
Трампқа заң жобаларын өткізу қиындайды
Конгрестегі күштер арақатынасының өзгеруі Дональд Трамптың саяси бастамаларын жүзеге асыруын қиындатуы ықтимал. RTRS сарапшылары АҚШ-та заң жобасы президенттің қол қоюына жіберілмес бұрын екі палатада бірдей мәтінмен қабылдануы керек. Сондықтан жаңа Конгресс жұмысқа кіріскеннен кейін Ақ үйге демократтармен келісім іздеуге тура келеді. Салық, көші-қон және бюджет мәселелерінде президент ұсынған өзгерістер түзетілуі немесе қолдау таппай қалуы мүмкін.
Бұл президенттің барлық өкілеттігі шектеледі дегенді білдірмейді. Трамп атқарушы билік тетіктерін пайдалана алады. Алайда заңмен бекітуді немесе қосымша қаржы бөлуді қажет ететін шешімдерде Конгрестің ықпалы артады.
Украинаға көмек: қаржы үшін саяси тартыс
Жаңа саяси жағдай Украинаға қатысты шешімдерге де әсер етуі мүмкін. Конгресс сыртқы көмек пен қорғаныс шығындарына қаржы бөлу арқылы әкімшіліктің саясатына ықпал етеді. Сондықтан Киевке берілетін көмектің көлемі, мерзімі мен жұмсалуын бақылау Ақ үй мен заң шығарушылар арасындағы келіссөздердің маңызды тақырыбына айналуы ықтимал.
Дегенмен демократтардың жеңісі Украинаға көмектің автоматты түрде көбейетініне кепілдік бермейді. Нақты нәтиже қабылданатын заңдарға, бюджет келісімдеріне және президенттің ұстанымына байланысты болады. Киев үшін басты мәселе Вашингтондағы саяси тартыстың қолдау тұрақтылығына қалай әсер ететіні.
Иран мәселесі: Ақ үйге бақылау күшеюі мүмкін
Иранға қатысты саясатта әскери күш қолдану, санкциялар және дипломатиялық келіссөздер төңірегіндегі пікірталас ушығуы мүмкін. Конгресс әскери шығындарды қаржыландыру және заңнамалық шешімдер арқылы әкімшілікке ықпал ете алады. Президенттің сыртқы саясат пен әскери басқару саласындағы өкілеттіктері де сақталады.
Осыған байланысты оппозиция басым Конгресс Трамп әкімшілігінен Иранға қатысты шешімдердің мақсатын, құнын және ықтимал салдарын кеңірек түсіндіруді талап етуі мүмкін. Бірақ сайлау нәтижесін АҚШ-тың Тегеранға қатысты бағыты бірден өзгереді деп түсіндіруге болмайды. Алдағы саясат Ақ үйдің бастамалары мен Конгрестің оларға беретін жауабы арқылы айқындалады.