«Байлар да жылайды»: ірі байлық иелеріне салынатын салық пысықталып жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Делия Айдаралиева, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстанда ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесі пысықталып жатыр, деп жазады Kursiv.Media.

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Азамат Әмрин редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Айта кететін жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселені зерделеуді тапсырған болатын. Бұл бағыттағы жұмыс Үкімет пен Құрылтайдың бірлесуімен жүргізілуге тиіс.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазір аталған бастама бастапқы пысықтау кезеңінде. Министрлік прогрессивті салық салудың халықаралық тәжірибесін, ықтимал әлеуметтік-экономикалық және фискалдық салдарын, сондай-ақ салық әділдігі қағидаттарын ескере отырып, мәселені жан-жақты зерделемек.

Ірі байлық иелеріне салық көбейе ме

Демек, ірі байлық иелеріне салық мөлшерлемесін арттыру, Салық кодексіне өзгерістер енгізу және отандық әрі шетелдік компанияларға салық салу тәртібі де күн тәртібінде тұр.

Ал жаңа салық мөлшерлемелері жеке тұлғаларға ғана ма, әлде компанияларға да қатысты бола ма деген сұраққа әзірге нақты жауап жоқ. Түпкілікті ұсыныстар талдау жұмыстары аяқталғаннан кейін қалыптастырылмақ.

Салық кодексі қайта қарала ма

Қолданыстағы Салық кодексіне өзгерістер енгізу және жаңа кодексті іске асыру мәселелері бойынша арнайы Жобалық офис құрылған.

Министрлік мәліметінше, бұл құрылым бизнес өкілдерінің өтініштерін жинақтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін және мемлекет пен кәсіпкерлер арасында келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін бірыңғай алаң қызметін атқарады.

Оның жұмысының нәтижесінде Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленген. Құжатта мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастық өкілдерінің ұсыныстары және құқық қолдану тәжірибесінде анықталған мәселелер ескерілген.

Заң жобасы барлық келісу және талқылау рәсімдерінен өткен соң белгіленген тәртіппен Құрылтайға енгізіледі.

Ірі, орта және шағын бизнес қандай салық төлейді

Министрлік салық мөлшерлемелері кәсіпкерліктің шағын, орта немесе ірі санатына жатуына қарай ғана белгіленбейтінін атап өтті. Салық мөлшері қызмет түріне, кірістің сипатына және қолданылатын салық режиміне байланысты есептеледі.

Жалпыға бірдей белгіленген салық режимі бойынша негізгі мөлшерлемелер төмендегідей:

  • Корпоративтік табыс салығы (КТС) – 20%;
  • Банктер мен ойын бизнесі үшін КТС – 25%;
  • Әлеуметтік сала үшін КТС – 5%;
  • Қосылған құн салығы (ҚҚС) – 16%;
  • Жеке табыс салығы (ЖТС) – 10%, ал күнтізбелік жыл ішінде 8 500 АЕК-тен асатын салық салынатын кіріс бөлігіне – 15%;
  • Әлеуметтік салық – 6%.

Ал шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне салық есептеу мен төлеуді жеңілдететін арнаулы салық режимдері қарастырылған. 2026 жылдан бастап олардың саны жетіден үшке дейін қысқартылды.

Ірі бизнеске берілетін салықтық жеңілдіктер де кәсіпорынның санатына ғана қарап тағайындалмайды. Олар қызмет бағытына, инвестиция көлеміне, инвестициялық міндеттемелерге және заңнамада белгіленген өзге де талаптарға байланысты беріледі.

Министрлік ірі және орта бизнеске жалпыға бірдей белгіленген режим аясында бірыңғай базалық салық қағидаттары қолданылатынын түсіндірді. Дегенмен нақты салық жүктемесі кәсіпорынның саласына, кірістері мен шығыстарына және қосымша міндеттемелеріне қарай өзгеруі мүмкін.

Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылар негізгі салықтардан бөлек, табиғи ресурстарды пайдалануға байланысты арнайы салықтар мен төлемдерді төлейді.

Шетелдік және қазақстандық компаниялар қандай салық төлейді

Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстанда компанияларға салық салу олардың қай елде тіркелгеніне ғана емес, салықтық резиденттігіне, кіріс көздеріне және қызметінің сипатына байланысты.

Қазақстандық компаниялар мен елімізде тұрақты мекеме арқылы жұмыс істейтін шетелдік компанияларға жалпы алғанда салыстырмалы салық салу қағидаттары қолданылады.

Ал Қазақстан аумағында тұрақты мекеме құрмай, еліміздегі көздерден табыс табатын шетелдік компаниялар үшін бөлек тәртіп қарастырылған. Мұндай жағдайда салық, әдетте, Салық кодексінде белгіленген мөлшерлемелер бойынша төлем көзінен ұсталады. Бұл ретте салық салынатын кірісті есептеу кезінде шығындарды шегеру қолданылмайды.

Дегенмен Қазақстан мен басқа мемлекеттер арасында жасалған қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық келісімдерде өзгеше тәртіп көзделуі мүмкін.

Осылайша, шетелдік және отандық компаниялар арасындағы салық айырмашылығы олардың мәртебесіне, табыс алу тәсіліне, қызмет ерекшелігіне және халықаралық міндеттемелерге байланысты айқындалады.

Айта кететін жайт, Құрылтай депутаттары елдегі бай-бағландардың салықты прогрессивті шкала бойынша төлеуі әділетті деп тұжырымдады.

Сондай-ақ оқыңыз