Бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйым тағы алты айға ұзартылды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Серикжан Ковланбаев

Қазақстан 2026 жылғы 22 қарашадан бастап бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің бірқатар түрін елден шығаруға тағы алты айға тыйым салады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тиісті бұйрыққа қол қойды, деп жазады Kursiv.Media.

Шектеу 2027 жылғы 22 мамырға дейін күшінде болады. Бензин мен дизель отынын автокөлікпен де, теміржол арқылы да экспорттауға болмайды. Бұл тыйым Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерге жеткізуге де қатысты.

Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, толуолды, ксилолды және мұнай битумын шығаруға тыйым салынады.

Айта кетейік, Қазақстан бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін экспорттауға 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін де тыйым салған. Бұған дейін бұл шектеу бірнеше рет ұзартылған. Енді Энергетика министрлігі экспортқа қойылған тыйымды тағы алты айға ұзартты. Тыйымға қарамастан, бензин мен дизель отынын көліктердің зауытта орнатылған жанармай бактарында алып өтуге болады.

Сондай-ақ қоспалардың құрамын зерттеу және басқа да сынақтар жүргізу үшін авиациялық отынды шетелге шығаруға рұқсат етіледі. Бұдан бөлек Қазақстан үкіметінің шешімімен гуманитарлық көмек ретінде мұнай өнімдерін экспорттауға болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан мұнай өнімдерін әкетуге тыйымды 2027 жылға дейін ұзартуы мүмкін

Сондай-ақ оқыңыз