Cапасыз газ бен желге ұшқан миллиардтар: аудиторлар тексеріс қорытындысын жариялады

Қазақстандағы газ қоры 3,8 трлн текше метрге жеткенімен, ішкі нарықтағы өндіріс халық пен экономиканың өсіп келе жатқан сұранысына ілесе алар емес. Жоғары аудиторлық палата жүргізген ауқымды тексеріс газ саласын басқаруда 24,1 млрд теңге қаржы жымқырылып, 18,2 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланғанын ашып берді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Аудиторлардың мәліметінше, Қазақстан елеулі ресурс базасына ие. Елдегі газдың жалпы қоры 3,8 трлн текше метрді құрайды, ал 2022-2025 жылдары жалпы газ өндірісі 239,5 млрд текше метрге жеткен. Соған қарамастан, ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндірісі баяу қарқынмен дамып, халық пен экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге үлгермей отыр.
Сонымен қатар ішкі нарықтың жер қойнауын пайдаланушыларға тәуелділігі сақталып тұр. Ал жеткізілетін газдың сапасы бекітілген стандарттарға әрдайым сай келе бермейді. Талапқа сай емес тауарлық газ компрессорлық құрал-жабдықтардың тозуын арттырып, Ұлттық операторды шетелге газ экспортау кезінде жеңілдіктер жасауға мәжбүрлейді.
Стратегиялық жоспарлау кемшін
Аудиторлардың пікірінше, бұла саладағы стратегилық жоспарлау жүйесі ішкі тұтынудың өсуі, ресурс базасын дамыту және жаңа өңдеу қуаттарын пайдалануға беру арасындағы қажетті байланысты қамтамасыз ете алмай отыр. Бағдарламалық құжаттарда геологиялық барлауды ынталандыру, газ сақтауды дамыту, цифрлық трансформация және тәуекелдерді басқару шаралары жеткіліксіз.
Ұлттық оператор («QazaqGaz») стратегиясында жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған мақсаттар қарастырылмаған. Атап айтқанда, солтүстік өңірлерге газ жүргізуге қаржы бөлу, ресурс базасын тиімді басқару механизмдері және АТ-инфрақұрылымның дайындығы нақтыланбаған.
Қазіргі уақытта Ұлттық оператор кәсіпорындары 20 мың шақырымнан астам магистралды газ құбырлары мен 77 мың шақырымға жуық газ тарату желілерін пайдаланады. Дегенмен инфрақұрылымның басым бөлігі бұрын салынған және нормативтік мерзімнен артық эксплуатацияланып келеді, ал оларды жаңарту мен жөндеу қарқыны төмен.
Сонымен бірге, өңірлік теңсіздікті жою және салынған нысандарды эксплуатациялаушы ұйымдарға уақытылы тапсыруды бақылауды күшейту қажеттілігі атап өтілді. Айта кету керек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша газбен қамтамасыз ету деңгейі 64,2%-ға жетіп, 13,1 миллион адам табиғи газ тұтынып отыр. Ал газ жүргізілмеген мекендер саны 2 240-ты құрады.
Қомақты қаражат заңсыз жұмсалған
Жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойыншаа, 24,1 миллиард теңге сомасына қаржылық заң бұзу анықталған. 18,2 миллиард теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлаған.
Тексеріс барысында бюджетке 59,4 миллион теңге қайтарылды, ал 20,2 миллиард теңге есеп бойынша және тиісті жұмыстарды орындау арқылы қалпына келтірілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев маусымда өткен жиында өңірлердің 80%-ын газбен жабдықтауды тапсырған.