Елдегі тағы үш ақылы жолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіледі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

9 қарашадан бастап үш республикалық жолда көліктердің орташа жылдамдығын бақылайтын жаңа аймақтар іске қосылады. Жүргізушілер енді тек камера тұрған жердегі емес, жолдың тұтас бір бөлігіндегі қозғалыс жылдамдығына мән беруі керек. Жаңа бақылау жүйесі Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бұрылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарында жұмыс істейді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

Жалпы алты бақылау аймағы іске қосылады. Әр учаскеде рұқсат етілген жылдамдық жолдың санатына қарай белгіленген.

Қай тасжолдарда жылдамдық бақыланады

Алматы – Қорғас бағытында:

  • Ұйғыр – Панфилов учаскесі (50+832 км) – 120 км/сағ.

Қарағанды – Бұрылбайтал бағытында:

  • Шұбартүбек – Гүлшат учаскесі (42+158 км) – 140 км/сағ;
  • Гүлшат – Тасарал учаскесі (42+550 км) – 140 км/сағ.

Қызылорда – Арал бағытында:

  • Ақжарма – Ақжар учаскесі (48+239 км) – 100 км/сағ;
  • Ақжар – 103-разъезд учаскесі (122+421 км) – 100 км/сағ;
  • 103-разъезд – Әйтеке би учаскесі (95+871 км) – 100 км/сағ.

Орташа жылдамдық қалай есептеледі

Жаңа жүйеде көліктің жылдамдығы бір камераның жанынан өткен сәтте ғана өлшенбейді. Арнайы құрылғылар автомобильдің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Содан кейін жүріп өткен қашықтық пен оған кеткен уақыт есептеліп, орташа жылдамдық анықталады.

Егер жүргізуші учаскеде белгіленген шектен жылдам жүрсе, құқықбұзушылық туралы мәлімет тиісті органдарға жіберіледі.

«Жүйенің басты ерекшелігі – көлік жылдамдығы тек камера орнатылған жерде емес, бүкіл бақылау аймағында есептеледі», – деп түсіндірді «ҚазАвтоЖол».

Компанияның мәліметінше, жаңа бақылау аймақтары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауына ықпал етуі тиіс.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді сапар кезінде белгіленген жылдамдықты сақтап, жол және ауа райы жағдайын ескеруге шақырды.

Тағы да оқыңыз: Қайта жөндеуден өткен «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолы ақылы болады

Сондай-ақ оқыңыз