Тойдан кем емес: ҚМДБ құдайы ас берудегі ысырапты тоқтатпақ

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ihsan.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құдайы ас беру мәдениетін біріздендіруге арналған арнайы құжат қабылдады. Онда марқұмды еске алу рәсімдеріндегі дастарқан мәзірін реттеу, ысырапқа жол бермеу және қаралы отбасыларға түсетін қаржылық салмақты азайту көзделген.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, соңғы уақытта марқұмның жетісі, қырқы мен жылдығына арналған астарда шектен тыс шығынға жол беру жиілеген. Кейбір отбасылар құдайы асты тойдан кем өткізбей, елден қалмау үшін қарыз алуға дейін барады.

«Ысырапқа қатысты тағы бір келеңсіздік – құдайы астардағы дастарқан мәзірінің тойдан кем жайылмауы. «Қазалы үйде қазан көтерілмесін» деген игі дәстүр еліміздің кейбір ауылдарында әлі күнге сақталған. Шын мәнінде бұл – қара жамылған шаңырақ үшін материалдық һәм рухани қолдау», – дейді Бас мүфти.

Оның сөзінше, ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, мол дастарқан жайғанда, жағдайы төмен және орташа отбасылар да олардан қалыс қалғысы келмейді. Соның салдарынан кейбірі қарыз алып, шамадан тыс шығынданады.

«Ауқатты отбасылар құдайы асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан кейін жұрттан қарыз алып, «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Құдайы ас берудің жеті қағидасы бекітілді

Бас мүфтидің айтуынша, құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – еліміздің барлық өңірінде құдайы ас берудің ортақ мәдениетін қалыптастыру. Бұл ретте әр отбасының әлеуметтік жағдайы ескеріліп, ысырапқа жол бермеу көзделген.

Құжатта құдайы ас беру мәдениетінің жеті негізгі қағидасы қамтылған:

  • шынайы ниетпен ас беру;
  • құдайы асқа жиналу;
  • Құран оқу, бата беру және дұға жасау;
  • ысырапқа жол бермеу;
  • уағыз-насихат айту;
  • марқұмды еске алып, қаралы отбасын жұбату;
  • қарапайымдылықты сақтау.

Наурызбай қажы Тағанұлы құдайы астың басты мақсаты дастарқанның молдығын көрсету емес, марқұмға Құран бағыштап, дұға жасау екенін еске салды.

«Ең алдымен құдайы астың негізгі мәні көпшіліктің басын қосып марқұмға Құран бағыштап, дұға жасау, Алла Тағаланың мейірімін, Пайғамбарымыздың шапағатын тілеу екенін ұмытпау қажет», – деді ол.

Құдайы ас мәзірі біріздендіріледі

ҚМДБ құжаты құдайы асқа жайылатын дастарқан мәзірін де реттеуді көздейді. Бас мүфтидің айтуынша, ас беру мәдениетін қалыптастыру үшін мәзірді бекітіп, халық арасында ортақ келісімге келу маңызды.

Қазір ҚМДБ бекіткен мәзір бойынша қала мен өңірлердегі мешіт жанындағы асханаларда құдайы ас беріліп жатыр. Бұл бастама қаралы отбасылардың артық шығынға ұшырамауына және рәсімдердің бірізді өтуіне бағытталған.

Бас мүфти құжаттың негізгі мақсаты дәстүрдің мәнін сақтай отырып, құдайы ас беруді қазіргі қоғамның жағдайына бейімдеу екенін атап өтті.

Тағы да оқыңыз: Ораза 8 ақпанда басталады: ҚМДБ 2027 жылғы діни күндерді жариялады

Сондай-ақ оқыңыз