Базар иелерінен тегін жерді негізсіз бөлуді талап еткен шенеунік жазаланды

Абай облысының Мақаншы ауданында жергілікті әкімдік базар иелеріне уақытша сауда орындары үшін жер учаскелерін тегін беруді міндеттеген. Аудандық прокуратура бұл талапты заңсыз деп тауып, әкімдік қаулысының күшін жойды.
Шенеуніктер бұл шартты тұрақты емес сауда нысандарын орналастыру орындарын бекіту туралы қаулыға енгізген. Алайда мұндай талап кәсіпкерлердің құқығын бұзып, оларға негізсіз қосымша міндеттемелер жүктеген.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін заңсыз қаулы толығымен тоқтатылып, бизнес иелерінің құқығы қорғалды.
Бизнес қызметіне заңсыз араласқаны үшін осы заңсыз құжатты әзірлеген аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, бұған дейін дәл осы бап бойынша Ақмола облысында да ауыл әкімі жазаланған еді. Ол жер конкурсына қатысушыға жалған мәлімет көрсетілген анықтама беріп, оған артық балл жинауға мүмкіндік берген.