Тоқаев Тәжікстан президентін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Эмомали Рахмонды Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазақ пен тәжік халықтарын ғасырлардан тамыр тартатын достық, рухани үндестік және ортақ тарихи тағдыр байланыстырады.

– Біздің өңіріміз әлемге көрнекті ойшылдар, ғалымдар, шайырлар мен ағартушылардың тұтас шоғырын сыйлады. Олардың мұрасы жекелеген елдер мен халықтардың ауқымынан асып, кең таралды. Ислам қайта өрлеу дәуірінің ең көрнекті тұлғаларының бірі – Қожа Ахмет Ясауи. Қазақ халқы ұлы ғұлама әрі ағартушы есімін ертеден ерекше қастер тұтады, киелі санайды. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – бүкіл өркениетке және әрине, ғасырлар бойы ортақ рухани дәстүрлері қалыптасқан Орталық Азия халықтарына тиесілі қазына, – деді Қазақстан президенті.

Тоқаев Эмомали Рахмонның есімі қазіргі Тәжікстан тарихында ерекше орын алатынына тоқталды.

«Рухани-мәдени құндылықтарды сақтауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесіңізді ескере отырып, Сізді, құрметті Эмомали Шарипович, Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жоғары награда – Қазақстан халқының Сізге және бауырлас тәжік еліне көрсеткен шынайы құрметінің белгісі. Осы рәсім елдеріміздің мызғымас достығының тағы бір жарқын нышанына айналады деп сенемін», – деді Тоқаев.

Бұған дейін қос ел басшысы келіссөз өткізіп, сауда-экономикалық байланысты одан әрі дамыту мәселесін талқылаған.

Сондай-ақ оқыңыз