Щучинск қаласында жаңа трамплиндер мен мұз айдыны салынып жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Щучинск қаласында жаңа трамплиндер мен мұз айдыны салынып жатыр
фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысы Щучинск қаласында төрт оқу-жаттығу трамплині, 300 орындық мамандандырылған мектеп-интернат және 3 мыңға жуық көрерменге арналған жабық мұз айдыны салынып жатыр. Мұндай нысандар Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау аясында бой көтергелі тұр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жобаның жүзеге асырылу барысы мен алдағы жоспарларымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты.

Алдағы уақытта орталық қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларды халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына даярлайтын негізгі базалардың біріне айналады.

Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасы білім беру, кәсіби спорттық дайындық және спортшыларды оңалту үдерістерін бір арнаға тоғыстыратын бірыңғай инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамына арналған тұрғын корпус пен қажетті инженерлік инфрақұрылым нысандары да қарастырылған.

«Біздің басты міндетіміз – жас спортшылардың қабілетін шыңдап, шеберлігін жетілдіруіне және жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне барлық жағдай жасау. Ол үшін сапалы білім беруді, толыққанды жаттығу үдерісін және спортшылардың оңалуына қажетті мүмкіндіктерді біріктіретін заманауи инфрақұрылым қажет. Жаңа кешенде 300 оқушы білім алып, 100-ге дейін спортшы жыл бойы қысқы спорт түрлері бойынша дайындықтан өте алады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Мұнда оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға және түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуына қолайлы жағдай жасалады.

Алдағы уақытта кешен еліміздің спорт инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналып, Щучинск қаласының қысқы спорт түрлерін дамыту орталығы ретіндегі әлеуетін арттырады.

АЙта кетейік, Қарағанды қаласында 16 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын салу жобасы қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз