86 500 теңгеге дейін айыппұл: полиция жазғы дөңгелекпен жүргендерге ескерту жасады

Ақмола облысында екі күн ішінде жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам көлік республикалық тасжолдарға жіберілмей, кері қайтарылды. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты полиция жүргізушілерді қысқы шинаға ауысып, жол қауіпсіздігін сақтауға шақырды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
8-9 қарашада Астана – Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар тасжолдарының жекелеген бөліктерінде жазғы дөңгелекпен жүруге уақытша шектеу қойылды. Полицейлер талапқа сай дөңгелегі жоқ көліктерді жолға шығармаған.
Бірқатар өңірде қар жауып, көктайғақ болады
9 қарашада Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр аралас қар, кей жерлерде қалың қар жауады деп болжанған. Ауа райының қолайсыздығы жолдағы көріну қашықтығын нашарлатып, көктайғаққа себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты жүргізушілерге көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтау, жылдамдықты жол жағдайына қарай төмендету және күрт маневр жасамау ескертілді.
Жолдардың жай-күйі туралы тәулік бойы 1403 нөмірі арқылы ақпарат алуға болады.
Көлік дөңгелегін ауыстырмаған жүргізушілер қанша айыппұл төлейді
Айта кетейік, 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін жазғы дөңгелекпен көлік жүргізуге тыйым салынады. Бұл талапты орындамаған жүргізушілерге айыппұл салынады. Қысқы шиналарды пайдалану талабы Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде бекітілген.
2026 жылы белгіленген мерзімде қысқы шиналарсыз көлік басқарғаны үшін 5 АЕК немесе 21 625 теңге айыппұл қарастырылған. Егер жүргізуші әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы құқық бұзушылықты қайталаса, айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке, яғни 86 500 теңгеге дейін өседі.