Ақмолада жол апатынан 1 адам қаза тауып, 4 бала ауруханаға түсті

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
жедел жәрдем
Ақмолада жол апатынан 1 адам қаза тауып, 4 бала ауруханаға түсті / Фото: Shutterstock

Ақмола облысында жол апаты салдарынан бір адам қаза тауып, бесеуі ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің төртеуі – кәмелетке толмаған балалар, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 8 қарашада «Астана-Атбасар-Жақсы» тас жолының 329-шақырымында «Тойота Камри» автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, аударылып кеткен.

Жол апаты салдарынан бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Апатқа себепкер болған жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен 35 жастағы әйел мен төрт баланың жағдайы туралы хабарлады.

Төтенше жағдайдан кейін санитарлық авиация көмегімен 13 және 6 жастағы екі ұл бала мен 11 жастағы қыз бала Көкшетау қаласындағы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Балалардың жағдайы ауыр, ал 13 жасар бала реанимацияда жатыр.

35 жастағы әйел мен 1 жас 8 айлық нәресте Жақсы аудандық ауруханасында ем қабылдауда. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Медициналық мекеме өкілдерінің хабарлауынша, зардап шеккендерге қажетті ем-дом толық көлемде көрсетіліп жатыр, жағдай бақылауда.

Айта кетейік, осыған дейін Қостанайда полициядан қашқан жүргізуші автобусқа соғылып қаза тапқанын жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз