Атыраулық депутат Түркістан облысында 2,5 млрд теңгеге жаңа зауыт ашады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Депутатқа тиесілі компания Түркістан облысында 2,5 млрд теңгелік жаңа зауыт ашады
Депутатқа тиесілі компания Түркістан облысында жаңа зауыт ашады / фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысының Келес ауданында минералды сусындар өндіретін жаңа кәсіпорын жақын арада іске қосылмақ. Жобаның құны 2,5 млрд теңгеге бағаланады, деп хабарлайды Kursiv.Media Түркістан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Өндірістік ғимараттың жалпы ауданы – 2 103 шаршы метр. Инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Кәсіпорынға 2 млн долларға Қытайдың «XINJIANG YELIDA INTERNATIONAL TRADE CO LTD» компаниясынан заманауи өндірістік жабдықтар сатып алынған. Кәсіпорын газдалған және газдалмаған минералды су өндіруге және дайын өнімді экспорттауға бағытталған.

Зауыт құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталған.

Жоба аясында 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл – ауыл тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастырып, жергілікті экономиканың дамуына серпін беретін маңызды бастама.

Нысанның ашылу дайындығын өңір әкімі Нұралхан Көшеров тексерді. Ол зауыттың іске қосылуы аудан экономикасын әртараптандыруға жасалған қадам екенін және жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететінін атап өтті.

Жоба инвесторы — «Saryagash Su Onimderi» ЖШС компаниясы. Фирма 2010 жылы Атырауда тіркелген. Оның жалғыз құрылтайшысы – кәсіпкер, Атырау облысы Жылыой аудандық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Қапанов.

Сондай-ақ оқыңыз