Қазақстандықтар шетелдік онлайн-казиноға 191 млрд теңге аударған

Қаржылық мониторинг агенттігі шетелдік заңсыз интернет-казинолардың пайдасына 191 млрд теңге аудару жүйесін ұйымдастырғандарға қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
ҚМА интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жәрдемдесу дерегі бойынша тергеуді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер өздерінің бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік интернет-казинолардың пайдасына ақша аударып отырған. Бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген терминал кірген. Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары бар.
Жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге, ал есептелген комиссиялық сыйақы 286 млн теңгеге жеткен.
Ақшаның қандай мақсатқа аударылғанын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Кейбірі өз деректерінің пайдаланылғанынан бейхабар болған.
Олардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген. Ал жалған шарттар мен арнайы жасалған сайттар арқылы ақша тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде төленгендей көрсетілген. Қаражат шетелдік тараптарға, соның ішінде криптовалюта арқылы аударылған.
Қылмысты ұйымдастырған адам қамауға алынды.
Соттың рұқсатымен төрт көлікке және 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Бұған дейін Қаржы мониторинг агенттігі Pin-Up және Pinco интернет-казиноларының қызметін заңсыз ұйымдастырғандарға іздеу салған еді.