Ресей құрамындағы ұлттық республикалар соғыс жайын өз тілінде ашық талқылайды

Жарияланды
Ербосын Мелдібеков «Белгісіз батыр монументі» / Фото: Делия Айдаралиева

Сөз бостандығы тарылып, қатаң цензура орнаған Ресейде жұрт Украинадағы соғыс жайын жария талқыға салып, көкейіндегісін орысша жеткізуге бата алмайды. Бірақ елдің құрамындағы ұлттық республикаларда халық ана тілінде (аз халықтардың тілі) бұл соғысты ашық сынап, пікірін жасырмай жазып жүр, дейді Дарья Таланова «Новая газета Европа» басылымында жарық көрген зерттеуінде.

Автор Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Бурятия сияқты өңірлердің тұрғындарының «ВКонтакте» және Telegram сынды платформалардағы онлайн-каналдарда қалдырған жүздеген мың жазбасын (пікірлерін) талдай келе, орыстілді арналарда жоқ өзекті де ашық талқы аз халықтардың тілінде шектеусіз өрбіп жатыр деген қорытынды жасаған.

Ресми нұсқауларды елемеген

Мемлекеттік БАҚ және жергілікті билік өкілдері «арнаулы әскери операция» (АӘО, орыс. СВО) деген эвфемизмді жаттап алғанына қарамастан, елдің аз ұлттарының тілдерінде бұл жасанды ұғым кеңінен қолданысқа енбеді. Таланованың айтуынша, әлеуметтік желі қолданушыларының ішіндегі аз ұлт өкілдері жария жазбаларында соғысты тұспалдамай, жасырмай «соғыс» деп атайды.

Пікір қалдырған адамдардың дені Украинадағы қақтығысты «қарғыс атқан» (баш./тат. ҡәһәрле/суккан), «мәнсіз, мағынасыз» (мәғәнәһеҙ/мэгьнэсез), «қара, кесірлі, қасіретті» (тыв. кара, хайлыг), «жиіркенішті, сұрқай» (бурят. муухай не мухай) деген сын есімдер арқылы сипаттаған. Орыс тілінде пікір білдіргендердің топтамасын қарасаңыз, осы іспеттес сипаттамалар жоқтың қасы.

Оқи отырыңыз: «Зеленскийді жек көремін»: Украина азаматтығын алған танымал ресейлік адвокат ойын жасырмады.

Бұл зерттеу Ресейдегі әлеуметтік желілерде бар 21 мыңнан астам жария каналдар мен топтарды («пабликтер» – жаңалық тарататын арналар, хабарландырулар жариялайтын топтар, жергілікті биліктің ресми каналдары т.б.) қамтыған. Осы дереккөздерде жарияланған пікірлердің 98% – орыс тілінде, дегенмен Шешенстан мен Тывадағы пабликтерде жазбаларын орысша емес, ана тілінде жазатындардың үлесі 10%-дан асады, ал Солтүстік Осетия, Якутия, Башқұртстан мен Татарстанда бұл көрсеткіш 2,4%-3% аралығында.

Ұлттық республикаларда жұрттың өзге тақырыптарды қозғайтын посттарға қарағанда әлдебіреулердің соғыста қаза тапқандар туралы посттарының астына пікірді көбіне ұлттық тілде жазады екен (адам шығыны туралы жазба болса, соған пікірді орысша емес, аз халық тілінде жазып қалдыру ықтималдығы үш есе өседі-мыс).

Марқұмдарды жоқтау, бейбітшілікті аңсау

Өңірлердегі жұрт өз тілінде жариялап жатқан жазбалардан Кремльдің «бірлік, ынтымақ» туралы ресми ұрандарынан гөрі, қаза тапқан сарбаздарды жоқтап, бейбітшілік орнағанын қалайтынын көбірек байқайсыз. «Соғыс тоқтаса екен», «аман-есен қайтыңдар» деген сөз тіркестері жиі ұшырасады. Башқұртстанда ең көп талқыланатын тақырып (жергілікті тілдерде жазылған пікірлердің 8%-ын құрайды) – сарбаздардың үйге аман оралуын күту.

Ұлттық республикаларда соғысқа қарсы осындай көңіл күйдің күшеюіне аталмыш өңірлердегі адам шығынының көптігі тікелей әсер етіп отыр. Таланованың дерегінше, мысалы, Тыва мен Бурятияда жан басына шаққандағы шығын көлемі Ресейдің өзге аймақтарынан едәуір көп. Орасан шығын көрген желі қолданушылары бұл соғыстың мақсатына күмән келтіріп, оны «біздің соғыс емес» деп ашық жазады.

Сондай-ақ оқыңыз