Кәсіпкерлердің құқығын бұзғандарға 220 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Инвесторлардың құқығын бұзғандар жазаланды/ shutterstock

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында 1 294 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы шамамен 220 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар заңсыз талаптардың күші жойылып, инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін цифрландыру жұмыстары жүргізілген, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті тексеру барысында кәсіпкерлердің инженерлік желілерге қосылу кезінде бірқатар кедергіге тап болғанын анықтаған. Атап айтқанда, кейбір өңірлерде техникалық шарттарды алу үшін заңда көзделмеген қосымша келісімдерді талап еткен. 

Сонымен қатар инженерлік желілердің бос қуаты туралы ақпараттың ашықтығы қамтамасыз етілді. Мәліметтерді жарияламаған және уақытылы жаңартпаған 40-тан астам табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Техникалық шарттарды цифрлық форматта беру жұмысы да жанданды. Қазіргі уақытта бұл қызметті көрсететін 426 табиғи монополия субъектісінің 424-і Геопорталда тіркелген. Енді өтінімдер электронды жүйе арқылы қаралады.

Бұдан бөлек, инвесторларға техникалық шарттар беруден бас тарту туралы шешімдер үшін мемлекеттік кәсіпорындардың бірінші басшыларының дербес жауапкершілігі күшейтілді. Мұндай тәртіп «Астана-Теплотранзит», «Астана-РЭК» және «Астана Су Арнасы» ұйымдарында енгізілген. Тағы бір маңызды өзгеріс – пайдаланылмайтын электр қуатын ұзақ уақыт резервте ұстайтын кәсіпорындарға ақы енгізу мәселесі. Осы мақсатта ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті заңнамалық түзетулер әзірледі.

Бұл іс-шара бос қуатты тиімді пайдалануға және жаңа инвестициялық жобалардың желілерге қосылуына мүмкіндік беруді көздейді. Анықталған заң бұзуды жою мен инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқи отырыңыз: 385 млрд теңгелік жобаны жүзеге асырушы инвестор тап келген кедергі жойылды

Сондай-ақ оқыңыз