Тоқаев: Қазақ тілінің абыройын арттыру үшін бір ел болып жұмыс істеуіміз керек

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Kursiv Media.

Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының ел тарихындағы ерекше орнын атап өтіп, ұйымның мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр», – деді президент.

Тоқаев бүгінде қоғам мүшелері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған көптеген жобаны жүзеге асырып жатқанын айтты. Сондай-ақ ұйымның әр мүшесіне ризашылығын білдірді.

«Мен мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді ол.

Президент қазақ тілінің мәртебесін көтеру тек бір ұйымның немесе тіл мамандарының міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.

Осы орайда мемлекет басшысы жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген сөзін мысалға келтірді.

«Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің қоғамдағы беделін арттыру үшін азаматтарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы», – деді президент.

Айта кетейік, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы құрылған. Ұйым қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілдің дамуына ықпал ету бағытында жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз