Алматы әуежайында бір адам қайтыс болды

Алматы халықаралық әуежайында жұмысшының қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция мәліметінше, іс еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкелу дерегі бойынша қозғалған.
«Алматы қаласындағы әуежайдың Көліктегі полиция басқармасы еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкелу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Алматы халықаралық әуежайының аумағында бұған қатысты ресми түсініктеме берді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан перрон аумағында жазатайым оқиға болып, мердігер ұйымның бір қызметкері қайтыс болған.
Әуежай өкілдері уәкілетті мемлекеттік органдарға қажетті көмек көрсетіп, жүргізіліп жатқан тергеу аясында барлық қажетті ақпаратты беруге дайын екендерін білдірді.
Құрылыс жұмыстары әуежайдың жаңа терминалына қатысты болуы мүмкін. Бұған дейін Алматы әуежайындағы жөндеу жұмыстары кезінде Т-1 терминалының тіркеу орындары жаңартылғанын жазған едік.