Алматыда толассыз жауған жаңбырдан метро станциясын су басты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: threads

Алматыда 10 қараша түннен бері жауған жаңбыр салдарынан қала көшелерін су басты. Жауын-шашын қаланың су бұру жүйесіне салмақ түсіріп, метроның «Алатау» станциясындағы жерасты өткелін де су басқан, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Алматы метрополитені баспасөз қызметінің мәліметінше, нөсер жауын салдарынан қаланың су бұру жүйесіне шамадан тыс салмақ түскен. Соның нәтижесінде «Алатау» метро станциясының солтүстік жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне су кірген.

Жаңбыр 10 қараша күні кешке басталып, 11 қарашада да жалғасқан. Толассыз жаңбырдан қаланың бірқатар көшесінде су жиналған.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Қазгидромет» РМК 11 қараша сағат 10:00-дегі жағдай бойынша қалада 23 мм, Медеу ауданында 26 мм, ал Каменск үстіртінде 36 мм жауын-шашын тіркеген.

Нөсер салдарынан қаланың бірнеше ауданында көшелер мен аулаларға су жиналған. Қазір коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, жаңбырдың салдарын жоюға кіріскен.

Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, қолайсыз ауа райының салдарын жою үшін 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада кезекшілікке шықты.

Жұмысқа 415 арнайы техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылған. Сонымен қатар су басудың алдын алу үшін 2 950 құм салынған қап дайындалған. Тәулік бойғы жұмысқа 3 253 жол саласының қызметкері тартылған.

Алматыда жаңбыр қашан тоқтайды?

Синоптиктердің болжамынша, 11 қарашада жаңбыр күні бойы бір тоқтап, бір жауады. Қосымша 10 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін.

Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы +5…+7 градус шамасында болады.

Ал 12 қарашада жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр. Дегенмен қалада тұман түсуі мүмкін.

Алматы әкімдігі тұрғындарды қолайсыз ауа райында сақ болуға шақырды. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктерін су жиналуы мүмкін жерлерге қоймау ұсынылады. Сондай-ақ қатты жел кезінде ағаштардың түбінде және жарнама құрылымдарының жанында жүрмеу ескертілді.

Сондай-ақ оқыңыз