Баланың есірткі қолданып жүргенін қалай білуге болады

Алматыда жыл басынан бері 500 келіден аса есірткі заңсыз айналымнан шығарылған. Оның басым бөлігі – синтетикалық есірткі. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек блогер Әлішер Елікбаевтың «Два метра» YouTube каналына берген сұхбатында айтты.
Әзірбектің айтуынша, есірткіге тәуелді жастар саны көбейген, арасында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер де бар.
«Баланың есірткі тұтынып жүргені бірден байқалады. Оның ұйқы режимі бұзылады, тәулік бойы ұйықтамай жүреді. Ал кей жағдайда 12 сағаттан аса уақыт ұйықтап жата беруі мүмкін. Тамаққа деген тәбетінен де көрініп тұрады. Баланың бірде асқа зауқы соқпаса, енді бірде тоқтамай тамақ іше береді», – дейді Әзірбек.
Департаменттің ресми өкілі Алматыдағы жағдай жөнінде де ақпарат берген. Сөзінше, 2026 жылдың он айында қалада жарты тонна есірткі тәркіленген.
«Синтетикалық есірткі тез тарап кетті, адам оған тез үйреніп кетеді. Сондай-ақ оны табу оңай. Бұрын марихуана жиірек анықталса, қазір синтетикалық есірткі көп. Алайда марихуана мүлде жоқ деп айта алмаймыз, жақында ғана оңтүстік өңірлерден жеткізілген ірі көлемдегі марихуананы анықтадық», – дейді Салтанат Әзірбек.
Бұған дейін Түрксіб аудандық полиция қызметкерлері жалға алынған үйді есірткі зертханасына айналдырған 28 жастағы ер адамды ұстады. Полиция дерегіне қарағанда ер адам жалға алынған үйде есірткі өсірумен айналысқан.