Ғылыми конкурстардың өтетін уақыты алдын ала жарияланады – депутат

Жарияланды
Ғылымды қаржыландырудағы проблема қалай шешіледі/ kursiv.media

Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова құрылтайда өткен брифингте жоғарғы аудиторлық палатаның ғылымды қаржыландыру проблемаларына қатысты жүргізген аудит қорытындысы бойынша депутаттар қандай ұсыныстар енгізгені жайлы Kursiv.Media тілшісінің сұрағына жауап берді.

Депутаттың айтуынша, ғылымның сапасы жайлы айтқанда қаржыландырудың кешігуі ең басты мәселе екенін ұмытпау керек.

«Биыл маусымда депутаттардың тарапынан маңызды заңнамалық өзгерістер енгізілді. Енді конкурстық процедуралар қанша кешіксе де, ғалымдарды қаржыландыру нақты шарт жасалған күннен басталады. Яғни, күнтізбелік жылға байланысты емес. Бірақ аралық кезең жайлы ұмытпауымыз керек. Конкурс жарияланғанға дейінгі уақытта ғалымдар күтіп қалмауы керек. Бұл ретте біз комитет атынан нақты ұсыныс жасадық. Енді ғалымдар нақты білу үшін алдын ала бір бірыңғай күнтізбе анықталады. Сол кезде конкурс жарияланып, қаралу мерзімі бекітіледі. Бұл ретте біз министрлікпен бірлесіп жұмыс істейміз», – деді Лаура Қарабасова.

Сондай-ақ депутат ғылымды қаржыландыру проблемалары кезінде ғалымдар мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігін ажырату да маңызды екенін айтты.

«Ғалымдар өздерінің ғылыми жұмыстарының сапасы мен қаржының мақсатты жұмсалуына жауап береді. Ал ғылымды басқаратын ұйымдар ақшаның уақытында берілуі, конкурстардың уақытылы жариялануына жауап береді. Бұл саланы автоматтандыру қажет. Яғни, толық цифрландыруды қажет етеді. Ғалымдар мен ұйымдардың нақты қателіктері қай жерде болғанын көріп отырамыз. Бұл жұмыстар депутаттардың  бақылауы аясында жалғасады», –  деді Қарабасова.

Бүгін құрылтай отырысында жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылымға бөлінген 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз