Испанияда соңғы 14 жылда алғаш рет жалпыұлттық ереуіл басталды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Испанияда соңғы 14 жылда алғаш рет жалпыұлттық ереуіл басталды / Фото: El Pais

Испанияда CCOO және UGT ірі кәсіподақтарының ұйымдастыруымен 24 сағаттық жалпыұлттық ереуіл өтіп жатыр. Сәрсенбі, 11 қарашада бастау алған бұл шара 2012 жылдың қарашасынан бергі алғашқы ауқымды қарсылық акциясы, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.

«Жалақы, тұрғын үй, баға» ұранымен өтіп жатқан ереуіл баспана қолжетімсіздігіне және жалақының қымбатшылыққа сай өспеуіне бағытталған. Қыркүйек айында Мадридтің 87 жастағы тұрғыны Марикармен Абаскальдың үйінен мәжбүрлі түрде шығарылып, оның бірнеше күннен кейін қайтыс болуы мәселені ушықтыра түсті.

Кәсіподақтардың мәліметінше, автоөнеркәсіп пен порттарда жұмысшылардың қатысуы 90%-ға, ал энергетика мен ет өнеркәсібінде 75-85%-ға жетті. Таңертеңгі электр энергиясын тұтыну 10%-ға төмендеді.

Ереуіл салдарынан қоғамдық көліктер шектеулі режимде жұмыс істеп жатыр, Каталонияда қатынас қиындады. Ереуілшілер ірі көтерме базарлар (Mercamadrid, Mercabarna), Seat пен Volkswagen зауыттары және порт терминалдарын бұғаттап, жолдарды жапты. Полициямен қақтығыстар болып, ұсталғандар бар.

Қарсылық акциясы елдегі саяси дағдарыспен тұспа-тұс келді. Баспанаға қатысты заң жобасын парламенттен өткізе алмаған премьер-министр Педро Санчес 29 қарашаға мерзімінен бұрын сайлау белгіледі. Оппозиция бұл ереуілді биліктің мүддесіне бағытталған саяси акция деп айыптауда.

Түстен кейін елдің 130-дан астам қаласында бұқаралық шерулер өтеді деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз