Конгода Эболамен ауырғандар саны 11 мыңнан асты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Конгода эбола індеті өршіп тұр
фото: REUTERS/Gradel Muyisa Mumbere

Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырғандар саны 11 042-ге жетті. Оның 5 387-сі қайтыс болды. Бұл туралы Reuters КДР үкіметінің деректеріне сілтеме жасап жазады.

Вирус елдегі 26 провинцияның сегізіне таралған. Науқастардың көбі арнайы емдеу орталықтарына жеткізілмей, аурудан көз жұмған.

Мамандар инфекцияның кең таралуына ауруды дер кезінде анықтамау, қарулы қақтығыстар және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақ әсер еткенін айтады.

Reuters мәліметінше, қазір індет жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бойынша Эбола тарихындағы екінші ірі өршу болып отыр. Бұған дейінгі ең ірі індет 2014-2016 жылдары Батыс Африкада тараған. Сол кезде 28,6 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, 11 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Ал аумақтық ауқымы жағынан қазіргі індет Африка құрлығындағы Эбола эпидемияларының ішіндегі ең үлкені саналады.

Қазандағы есеп бойынша, Эбола төрт елге тараған еді, 9,5 мыңнан астам адам вирус жұқтырған, олардың 4,6 мыңнан астамы қайтыс болды деп хабарланған.

Вирустың таралуына байланысты БҰҰ-да дабыл қағып, індетпен күресуге қосымша 30,5 млн доллар бөлген.

Эбола – адам мен жануарлар үшін өте қауіпті вирус. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ең қауіпті аурулар қатарына қосқан. Вирус адамның қан тамырларын зақымдайды. Соның салдарынан ішкі ағзалар зақымданып, қан кетеді.

Сондай-ақ оқыңыз