Мәдиев Яндекстің Қазақстандағы компаниялары тексерілетінін мәлімдеді

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» компаниясының Қазақстандағы бес компаниясын тексереді. Бұл туралы ведомство басшысы құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаевның сұрағына қайтарған жауабында жазған.
Министрліктің мәліметінше, «Яндекс Казахстан», «Yandex Bastau», «Яндекс. Такси Корп», «Яндекс. Еда Казахстан» және «Яндекс LLP» компаниялары тексеріледі, тексеріс қарашаның соңына дейін өтеді.
Министрлік аталған компаниялардағы азаматтардың дербес деректерін жинау, өңдеу және сақтауда қаншалықты заң талаптарын сақтайды деген мәселеге назар аударып отыр. Сондай-ақ деректерді Қазақстан аумағында сақтау және оларды қорғау үшін қолданылатын ұйымдастырушылық, техникалық шаралар зерделенеді.
«Тексеру нәтижелері бойынша белгіленген талаптардың сақталуына баға беріледі, ал бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою жөніндегі ұсынымдарды және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселені қарауды қоса алғанда, уәкілетті органның құзыреті шеңберінде тиісті ден қою шаралары қабылданады», – делінген министрлік жауабында.
Министрлік дербес деректерді өңдейтін ұйымдар азаматтардың мәліметтерін тек нақты мақсатқа қажетті көлемде ғана жинап, сақтауға міндетті екенін еске салды.
«Нақты, алдын ала анықталған және заңды мақсаттарға жету үшін қажет және жеткілікті дербес деректер ғана жиналады және өңделеді», – деп түсіндірді ведомство.
Тексеру аяқталғаннан кейін оның нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланады.
Еске салайық, дрондар Yandex-тің дата орталықтарына шабуылдағаннан кейін оның сервистерінде ақау шықты. Қазақстандағы қосымшалары да бірнеше күнге жұмысын тоқтатты. Осыдан кейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі такси және жеткізу қызметтеріне қажетті кейбір технологиялық компоненттер шетелде орналасқанын мойындады.
Бұрынғы мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Бағдат Мусин Жаслан Мәдиевке үндеу жасап, осы жайтқа қатысты халыққа түсініктеме беруі керек деген еді.