Маньяк және қылмыстық топ: Алматыда қанша адам кісі қолынан қаза табады

Алматыда он ай ішінде 22 адам кісі қолынан қаза тапты. Қала полициясының ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, 19 адамның қазасына қатысты істің мән-жайы толық анықталған. Тағы бір істе екі күдікті бар. Ал қалған екі қылмыс ашылмаған. Бұл туралы блогер Әлішер Елікбаевтың «Два метра» YouTube каналындағы сұхбат барысында айтылды.
«Бұл қылмыстардың басым бөлігі бұзақылық әрекет кезінде жасалған. Ішінде мейрамханадағы төбелес, тұрақтағы орын үшін ерегес те бар», – дейді Салтанат Әзірбек.
Айтуынша, 2000 жылдары қалада жылына 50-60 адам кісі қолынан қаза тапқан. Ол кезде төбелес шығаратын қылмыстық топтар пен жалдамалы жендеттер болған. Ал қазір жыл сайын кісі өлтіруге қатысты 20 шақты қылмыс тіркеледі.
Сұхбат барысында Салтанат Әзірбекке «Алматыда маньяк соңғы рет қашан ұсталды?» деген сұрақ қойылды.
Полиция өкілінің айтуынша, мұндай жағдай соңғы рет 1999-2000 жылдары ҚазҰУ қалашығында болған.
Одан бөлек полицияның ресми өкілі мысал ретінде Сергей Копай, Михаил Вершинин мен Евгений Турочкин жасаған қылмыс туралы айтты. Олар Алматыда қыздарды өлтіріп, адам етін базарға апарып өткізген. Сот үкімі 2001 жылы шықты, үшеуі де ату жазасына кесілді. 2004 жылы Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізілуіне байланысты оларға тағайындалған жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Әзірбектің айтуынша, қоғамның өзгергені қылмыстарға да әсер еткен. Алматыда кейінгі жылдары мұндай қылмыс тіркелмеген.
Одан бөлек полиция департаментінің ресми өкілі баланың есірткі қолданып жүргенін қалай білуге болатынын айтты.