Қыста көлікті дұрыс жылытып, бензинді қалай үнемдеуге болады

Қыста көлік жүргізушілері жанармайдың жазға қарағанда тезірек таусылатынын байқайды. Күн суықта отын шығыны шамамен 10-25%-ға артуы мүмкін. Бұған қозғалтқышты жылыту, салқын майдың қоюлануы, пеш пен басқа да электр құрылғыларының қосылуы, сондай-ақ жол жағдайының нашарлауы әсер етеді. ROSSKO компаниясының техникалық маманы Константин Ершов суықта қозғалтқышты дұрыс жылыту және жанармай шығынын азайту жолдарын түсіндірді.
Қозғалтқышты қанша уақыт жылыту керек
Қозғалтқышты ұзақ уақыт қыздыру да, оталдырған бойда бірден қозғалу да көлікке зиян келтіруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, мотор ұзақ уақыт бос жүрісте жұмыс істегенде жанармайдың бір бөлігі толық жанбай, цилиндр қабырғаларына жиналады. Соның салдарынан май қабаты шайылып, поршень тобының тозуы мен отын шығыны артады.
Ал суық қозғалтқышпен бірден жылдам қозғалу да қауіпті. Өйткені төмен температурада мотор майы қоюланып, майлау жүйесінің арналарына бірден таралмайды. Әсіресе қозғалтқыштың жоғарғы бөлігіндегі бөлшектерге май кеш жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда бірден жоғары жүктеме түсіру бөлшектердің тозуын жылдамдатады.
«Қозғалтқышты ұзақ қыздыру да, суық күйінде бірден іске қосып, қозғалу да моторға әртүрлі себеппен зиян келтіреді. Ең қолайлы тәсіл – қозғалтқышты оталдырып, 3–5 минут бос жүрісте жұмыс істету. Содан кейін қозғалтқыш толық қызғанша төмен айналыммен, бірқалыпты қозғалған жөн», – дейді Константин Ершов.
Сонымен қатар көлікті түнде автоматты түрде бірнеше рет оталдыру аккумулятор қуатын азайтатынын ескерген жөн. Әсіресе қатты аязда қозғалтқышты түн ішінде 3-4 рет іске қосу аккумулятордың қуатын тауысып жіберуі мүмкін.
Қыста жанармай шығынын не арттырады
Қозғалтқышты жылыту және пешті пайдалану. Әрбір қашықтан іске қосу кезінде көлік бірнеше минут бос жүрісте жұмыс істеп, жанармай жұмсайды. Бұған қоса, пеш, әйнек, орындық пен бүйір айналарды жылыту жүйелері электр энергиясын көбірек тұтынады. Генераторға түсетін жүктеме артқан сайын қозғалтқыш та қосымша отын жұмсайды.
Қоюланған май. Аязда мотор майының тұтқырлығы артып, май сорғысына оны жүйе арналары арқылы айдау қиындайды. Бұл қозғалтқыштағы үйкелісті көбейтеді. Суық мотордың қалыпты жұмыс температурасына жеткенше отын шығыны да жоғары болады. Сондықтан өндіруші ұсынған талаптарға сай май қолдану маңызды. Мәселен, кейбір көліктерге 0W-30 тұтқырлықтағы синтетикалық май жарауы мүмкін, бірақ нақты таңдау көлік нұсқаулығына байланысты.
Қысқы шиналар мен дөңгелектегі қысым. Суықта шиналардағы ауа қысымы төмендейді. Шамамен әр 10 градус температура төмендегенде қысым 0,1 барға азаюы мүмкін. Дөңгелек дұрыс үрленбесе, домалау кедергісі артып, қозғалтқышқа түсетін жүктеме көбейеді. Сондықтан шиналардағы қысымды кемінде аптасына бір рет, суық күйінде тексеріп, көлік өндірушісі белгілеген деңгейде ұстаған жөн.
Қар мен көктайғақ. Қар басқан жол, мұз, қар аралас лай және дөңгелек ізіне түскен терең ойықтар көліктің еркін қозғалуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда қозғалтқышқа түсетін жүктеме артып, жанармай көбірек жұмсалады. Жолға шығар алдында дөңгелек аркаларын қар мен мұздан тазарту, орнынан күрт қозғалып, дөңгелекті босқа айналдырмау артық шығынды азайтуға көмектеседі.
Суық ауа және отын қоспасы. Аязда қозғалтқышты тезірек жылыту үшін электронды басқару блогы жанармай беруді арттырады. Соның салдарынан отын-ауа қоспасы байып, жанармай шығыны көбейеді. Егер термостат немесе оттегі датчигі (лямбда-зонд) дұрыс жұмыс істемесе, қозғалтқыш үнемді режимге уақытында ауыспай, отынды әдеттегіден көп жұмсауы мүмкін.
Жанармай шығынын қалай азайтуға болады?
Қыста отын шығынының артуын толығымен болдырмау мүмкін емес. Дегенмен бірнеше қарапайым ережені сақтау арқылы артық шығынды азайтуға болады:
- қозғалтқышты ұзақ уақыт бос жүрісте қыздырмау;
- оталдырғаннан кейін бірден жоғары жылдамдықпен жүрмей, қозғалтқыш қызғанша бірқалыпты қозғалу;
- өндіруші ұсынған тұтқырлықтағы мотор майын пайдалану;
- шиналардағы қысымды тұрақты тексеру;
- көліктің дөңгелек аркаларын қар мен мұздан тазарту;
- термостат, оттегі датчигі, оталдыру шамдары мен сүзгілердің жағдайын бақылау;
- қажетсіз электр құрылғыларын қосып қоймау.
Тағы да оқыңыз: Қыста көлікті автожылытқышпен жиі қыздыру несімен қауіпті