Stadler вагондары жыл соңына дейін тағы екі бағытта қатынай бастайды

Stadler-дің жаңа вагондарды жыл соңына дейін тағы екі бағытта іске қосылады, деп хабарлайды Kursiv.Media. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қараша айының соңына дейін швейцариялық технологиямен құрастырылған пойыздар Астана – Атырау бағытына қатынай бастауы мүмкін.
«Сонымен қатар жыл соңына қарай, желтоқсанның ортасында жаңа қозғалыс кестесі күшіне енген кезде, «Нұрлы жол» вокзалынан Жезқазған арқылы Қызылордаға қатынайтын пойызды іске қосамыз», – деді Әнуар Ахметжанов пойыздарды жолға шығару рәсімінде.
Stadler пойыздары қазір қай бағыттарда қатынайды?
5 қарашада Астана – Алматы және Астана – Семей бағыттарында қатынайтын Stadler пойыздарына билет сату басталды. Алғашқы пойыздар елордадан Алматыға 11 қарашада, Семейге 13 қарашада жолға шығады.
Еске салайық, Қазақстанда құрастырылған Stadler жолаушылар вагондары бүгін, 11 қарашада, алғаш рет жолға шықты. Жаңа құрам Астана мен Алматыны жалғайтын №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызына тіркелді.
Тағы да оқыңыз: Жаңа Stadler пойызында әйелдер вагоны бола ма