2027 жылдан бастап декреттегі әйелдердің зейнетақы жарнасы азаяды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлем алатын әйелдер үшін мемлекет есебінен жасалатын қосымша зейнетақы аударымдары тоқтатылады. Соның салдарынан декреттегі әйелдердің зейнетақы шотына түсетін жарна көлемі 60%-ға қысқарады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қазір бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем әйелдің соңғы екі жылдағы орташа табысының 40%-ы мөлшерінде есептеледі. Осы төлемнің 10%-ы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде ұсталады. Бұған қоса, мемлекет зейнетақы аударымдарының жалпы сомасы декретке дейінгі жалақының 10%-ына жетуі үшін жетпейтін бөлігін қосып төлейді.
Мәселен, әйелдің декретке дейінгі орташа айлық жалақысы 500 мың теңге болған жағдайда, есеп мынадай болады:
- Бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем – 200 мың теңге;
- Осы сомадан ұсталатын міндетті зейнетақы жарнасы – 20 мың теңге;
- Мемлекет қосымша аударатын жарна – 30 мың теңге;
- БЖЗҚ-ға түсетін жалпы сома – 50 мың теңге.
Алайда 2027 жылдан бастап мемлекет төлеп келген 30 мың теңгелік қосымша жарна аударылмайды. Осылайша, әйелдің зейнетақы шотына ай сайын тек бала күтімі бойынша төлемнен ұсталатын 20 мың теңге ғана түседі.
Нәтижесінде декреттегі әйелдердің зейнетақы жарнасы бұрынғы 50 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін, яғни 60%-ға азаяды.