«Аспаннан доллар жауған күн»: Жақыпов пен Отыншиевті не байланыстырады

Жарияланды
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-ның экс-басшылары/ коллаж kursiv.media

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларын пара алу ісі бойынша ұстады. Екі ірі компания басшысының бір күнде ұсталуы айтулы оқиға болып отыр, деп хабарлайды Kursiv.Мedia. 

Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевті не байланыстырады

Жақыпов пен Отыншиев 2009 жылы «Тау-Кен Самұрық» компаниясына түрлі департаментті басқаруға бір уақытта жұмысқа тұрған. Бұл мекемеде екеуі 2-3 жыл еңбек еткен.  

2021 жылы «Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) компаниясында Отыншиев Жақыповтың орынбасары қызметін атқарыпты. 

Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолын» небәрі 4 ай ғана басқарды. Ал бұл қызметке ол «Самұрық-Қазына» қорынан келген. Ең қызығы Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев 2023 жылдың сәуірінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ға да қызметке бір уақытта орналасқан. Екеуі үшінші рет бір компанияда бір кезде жұмыс істеген. 

2023 жылы Нұрлан Жақыпов Алмасадам Сәтқалиевтен кейін қорды басқаруға келсе, Елжас Отыншиев «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарды. Сәйкестік пе?

Отыншиев ҚТЖ-ға жолды 2024 жылдан бастап төсеген. Себебі 2024 жылдың ақпан айынан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды.

Биылғы шілдеде ҚТЖ мен Самұрықтың басшылары теміржолшылардың мерекесіне орай, бір сахнада тұрып бірқатар қызметкерге награда табыстаған. 

Енді ұсталған қос басшысының мансап жолына көз жүгіртсек. 

Нұрлан Жақыпов кім 

Нұрлан Жақыпов 1978 жылғы 31 наурызда Қазақ КСР-де дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақ, орыс, ағылшын және испан тілдерін меңгерген. Отбасы мен балалары бар. 

Еңбек жолын 2001 жылы Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастықта (ENRC) қаржы талдаушысы болып бастаған. Әр жылдары Credit Suisse, UBS, Rothschild & Co сияқты халықаралық қаржы ұйымдарында жұмыс істеген. «Тау-Кен Самұрық», «Қазатомөнеркәсіп» компанияларында басшылық қызметтер атқарған. 2017–2019 жылдары «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған.

2020-2023 жылдары Kazakhstan Investment Development Fund басқарма төрағасы болды. 2023 жылғы сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып келеді. 2024 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған. 

Елжас Отыншиев жайлы не белгілі

Елжас Отыншиев 1987 жылғы 1 сәуірде Қазақ КСР-де дүниеге келген. Мәскеу физика-техникалық институтын бітірген. «Қолданбалы математика және физика» мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін алған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясында талдаушы болып бастаған. 2009–2012 жылдары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясында түрлі басшылық қызметтер атқарған. Кейін «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдарында инвестициялық жобалар, активтерді дамыту және стратегия бағыттарында жұмыс істеген.

2021-2023 жылдары Kazakhstan Investment Development Fund басқарма төрағасының орынбасары болды. 2023–2025 жылдары «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры қызметін атқарды. 2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы шілдеге дейін осы бағыттағы басқарушы директор болды. 2026 жылғы шілдеден бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

Оқи отырыңыз: Газ, теміржол және құрылыс: «Самұрық-Қазынаның» ең қымбат тендерлері

Сондай-ақ оқыңыз