Дипломдық жұмыс жазуда ЖИ қолдануға бола ма – министр жауабы

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Дипломдық жұмыс жазуда ЖИ қолдануға бола ма – министр жауабы / Фото: ОКҚ

Қазақстанда студенттерге оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дайындау кезінде жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалануға рұқсат етілген. Алайда ол автордың дербес талдауы мен қорытындысын алмастырмауы тиіс. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Министрдің айтуынша, ЖИ нәтижелерін қолданған жағдайда қандай алгоритм пайдаланылғанын және оның көмегімен қандай деректер алынғанын міндетті түрде көрсету қажет. Ал жұмыстағы ЖИ үлесінің шекті мөлшерін әр жоғары оқу орны дербес белгілейді.

«Студент немесе зерттеуші өзі тұжырым жасауы тиіс аналитикалық бөлімдерді, қорытындылар мен түйіндерді жазу кезінде алгоритмдерді қолдануға болмайды», – деді Саясат Нұрбек.

Қазіргі таңда еліміздегі оқу бағдарламаларының 76%-ына ЖИ элементтері енгізіліп, 706 мыңнан астам бакалавриат студенті базалық курстардан өткен. Сондай-ақ, AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер 500-ден астам төл ЖИ-агентін іске қосты (мысалы, ҚБТУ студенттері «ҚазМұнайГаз» үшін «КМГ AI» агентін әзірлеген).

Бұдан бөлек, министрлік халықаралық ETS компаниясымен бірлесіп, 2027 жылы пилоттық режимде іске қосылатын жаңа тестілеу форматын әзірлеп жатыр. Ол білім деңгейін ғана емес, логикалық ойлау мен цифрлық сауаттылықты да бағалайтын болады.

Айта кетейік, осыған дейін министр ЖОО-лар оқу ақысының өсуін инфляция деңгейінде ұстап тұруға тырысатынын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз