Nvidia басшысы Дженсен Хуангтың тағы бір көңілдесі бар болып шықты

Жарияланды
Nvidia басшысының басы тағы дауға қалды/ коллаж kursiv.media, Ахтам Зиперов

Америкалық Nvidia технологиялық компаниясының бас директоры 63 жастағы Дженсен Хуанг өзінен 15 жас кіші қызметкерімен көңіл жарастырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы The New York Times басылымы бұрынғы қызметкерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Kursiv.Мedia. 

Басылым мәліметінше, Хуанг компанияның денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті, 48 жастағы Кимберли Пауэллмен романтикалық қарым-қатынаста болған. Екеуін биыл наурызда Сан-Хоседегі қонақүйлердің бірінде бірге көрген. Сол уақытта қалада Nvidia компаниясының жыл сайынғы GTC конференциясы өтіп жатқан.

Кимберли Пауэлл Nvidia компаниясында 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Ол бастапқыда компанияның графикалық процессорларын медициналық бейнелеу саласында ілгерілетумен айналысқан. Кейін денсаулық сақтау бағытын басқарған. Басылым дерегінше, екеуінің де өз отбасылары бар.

Дженсен Хуанг журналистердің жеке қарым-қатынасына қатысты сұрақтарына жауап беруден бас тартқан. Компания мен Кимберли Пауэлл де әзірге түсініктеме берген жоқ.

Бұл – Nvidia басшысының жеке өміріне қатысты соңғы апталардағы екінші дау. Қазан айының соңында оның Элис Хуанг есімді әйелмен жақын қарым-қатынасы бары туралы ақпарат шыққан еді. Ол Nvidia чиптерін ірі көлемде сатып алатын сингапурлық Megaspeed компаниясымен байланысты.

АҚШ арнайы қызметтері Элис Хуангты Қытайға ақпарат берді деген күдікпен тексеріп жатқаны хабарланған.

Бұған дейін Дженсен Хуанг қызметкерлеріне жазған хатында әйеліне опасыздық жасағанын мойындаған. Алайда хатта Кимберли Пауэлл туралы айтылмаған. Қазір компанияның директорлар кеңесі ішкі тексеру жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз