Қазақстан расында ажырасу деңгейі бойынша әлемде екінші орында ма

Қазақстан әлемде ажырасу деңгейі бойынша Мальдивтен кейін екінші орында деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ресми статистикаға сүйенсек, елдегі ажырасу көрсеткіші бұған дейін айтылған деңгейден екі есе төмен. Energyprom.kz сарапшылары осындай қорытынды жасаған, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.
Халықаралық зерттеуге түзету енгізілген
Зерттеуге сәйкес, 2023 жылы Қазақстанда әр 1 мың адамға шаққанда 2 ажырасудан келген. Ал әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жиі қайталанатын 4,6 көрсеткіші 2023 жылдың ақпанында норвегиялық Advokatsmart заң фирмасының шолуында жарияланған. Кейін бұл дерек америкалық Petrelli Previtera компаниясы мен World Population Review сайтында да қайталанған. Алайда көрсеткіштің қай жылға қатысты екені және бастапқы дереккөзі көрсетілмеген.
Ұлттық статистика бюросы 2024 жылдың наурызында бұл мәліметті жоққа шығарып, World Population Review авторларына ресми хат жолдаған. Қазір аталған сайт Қазақстан бойынша 2023 жылғы көрсеткішті 1 мың адамға шаққанда 2 ажырасу деп көрсетеді. Бұл елдің екінші емес, шамамен 15-орында екенін білдіреді.
Елдердегі жас ерекшелікіті ескеру қажет
2025 жылы Қазақстанда 45,7 мың ажырасу тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 12,7%-ға көп. Әр 1 мың адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 2,2-ге жеткен. Ал 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында 22,5 мың ажырасу тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға өскен.
Зерттеу авторлары елдерді салыстыру кезінде халықтың жас құрамын да ескеру қажет екенін айтады. Себебі Қазақстан халқының 29%-ын 15 жасқа толмаған балалар құрайды. Ал Еуропалық одақта бұл көрсеткіш шамамен 15%. Сондықтан зерттеуде ажырасу санын 15 жастан асқан әр 1 мың адамға шаққандағы көрсеткіш бойынша салыстырған.
Осы есеп бойынша Қазақстан 66 елдің ішінде 14-орынға жайғасқан. Ажырасу деңгейі Ресейде (5,8), Молдовада (4,9), Грузияда (4,7) және Беларусьте (4,4) жоғары болған. Қазақстанға жақын көрсеткіш Литвада (3), АҚШ-та (2,9), Әзербайжанда (2,8), Қырғызстан мен Түркияда (2,6) тіркелген.
Ажырасу саны Ресейден екі есе төмен
Ал некедегі әйелдердің санына шаққандағы көрсеткіш бойынша Қазақстан Солтүстік Еуропа және Балтық жағалауы елдерімен шамалас. 2023 жылы елімізде некедегі әр 1 мың әйелге 10,8 ажырасудан келген. Бұл Ресейдегі көрсеткіштен екі есе төмен. Латвияда – 15,3, Швецияда – 12,7, Финляндияда – 11,9 болған.
Өңірлер бойынша да айырмашылық бар. 2025 жылы 15 жастан асқан әр 1 мың адамға шаққандағы ажырасу деңгейі Қарағанды және Павлодар облыстарында (4,4), Солтүстік Қазақстан облысында (4,1) жоғары болған. Ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында (1,6) тіркелген.
Зерттеуде ресми статистика тек АХАТ органдарында тіркелген некелер мен АХАТ-та немесе сот шешімімен рәсімделген ажырасуларды қамтитыны да атап өтілген. 2021 жылғы халық санағы бойынша, Қазақстанда тағы 460 мың әйел ресми тіркелмеген некеде тұрған. Олардың отбасылық жағдайындағы өзгерістер ресми статистикаға кірмейді.
Тағы да оқыңыз: Елде 40 жастан кейін тұрмысқа шығатын әйелдер көбейген – статистика