Қазақстан Ресейге жаңа көлік жеткізетін негізгі елдердің қатарына қосылды

Соңғы бес жылда Қазақстан Ресейге жаңа автокөлік экспорттаған елдердің арасында үшінші орынға жайғасты. 2022 жылғы қаңтардан 2026 жылғы қазанға дейін Ресейге экспортталған жаңа көліктердің жалпы көлемінің 4,1%-ы Қазақстанның үлесіне тиген, деп хабарлайды КурсивАвто.
Ресейге жеткізілген әрбір екінші көлік Қытайдан шыққан
Осы кезеңде Ресей жалпы саны 4,79 млн автокөлік импорттаған. Оның 2,83 миллионы – жаңа, ал 1,96 миллионы жүрілген көлік.
Жаңа автокөлік жеткізушілерінің арасында Қытай көш бастады. Оның үлесі 77,5%-ды құрады. Қырғызстанның үлесіне 8,7%, Қазақстанға 4,1% тиесілі. Одан кейін Беларусь (3%) пен Оңтүстік Корея (1,7%) тұр.
Ал жүрілген автокөліктер сегментінде Жапония 54,4% үлеспен алға шықты. Қазақстан алғашқы бестікке енбеді.
Сонымен қатар соңғы бес жылда Қытайдан Ресейге жаңа және жүрілген көліктерді қоса алғанда, 2,4 млн-ға жуық автокөлік жеткізілген. Бұл – елге импортталған барлық көліктің жартысына тең. Ал Жапониядан шамамен 1,1 млн автокөлік әкелінген. Оның үлесі 22,8%-ды құрады.
Қазақстанда құрастырылған көліктер экспорты азайып келеді
Алайда соңғы бес жылдағы жалпы статистика Қазақстаннан Ресейге автокөлік жеткізу көлемі бұрынғы деңгейде сақталғанын білдірмейді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Ресейде Қазақстанда құрастырылған 840 автокөлік тіркелген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз.
«Автостат» агенттігінің басшысы Сергей Целиковтың бағалауынша, сол кезде Қазақстан автокөліктерінің Ресей нарығындағы үлесі небәрі 0,3%-ды құраған.
Сонымен қатар кейбір модельдерге сұраныс әлі де жоғары. Мәселен, 2026 жылдың басында Ресейде тіркелген жаңа Kia Sportage көліктерінің жартысынан астамы Қостанайдағы «СарыарқаАвтоӨндіріс» зауытында құрастырылған.
Қазақстан Қытай көліктерін жеткізетін транзиттік бағытқа да айналды
Сонымен бірге Қазақстан Қытайдан автокөлік сатып алып, Ресейге жеткізетін азаматтар пайдаланатын транзиттік бағыттардың біріне айналды. Ресейлік сатып алушылар көліктерді жеткізу, кедендік рәсімдеу және тіркеу кезінде шығынды азайту үшін Қазақстан мен Қырғызстанды пайдаланады.
Алайда мұндай тәсіл әрдайым тиімді бола бермейді. Қосымша кедендік төлемдер, утильалым және жеткізу шығындары көлік бағасындағы бастапқы айырмашылықты жойып жіберуі мүмкін.