«Самұрық-Қазынада» не болып жатыр: қор мәлімдеме жасады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: sk.kz

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты түсініктеме берді. Қор өкілдері құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір уәкілетті органдар тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

«Қор Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында құқық қорғау органдарымен жан-жақты ынтымақтасып жатыр. Қажетті өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынып отыр», – деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бүгін Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев пара алу ісі бойынша ұсталды. ҰҚК олар жемқорлық жасады деп күдіктеніп отыр.

«Самұрық-Қазына» – Қазақстанның ірі стратегиялық кәсіпорындарын басқаратын мемлекеттік ұлттық әл-ауқат қоры. Қордың құрамына мұнай-газ, көлік, энергетика және телекоммуникация салаларындағы ірі компаниялар кіреді. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», Air Astana, «Қазақтелеком» және KEGOC бар.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ оқыңыз