Су есептегіштерді орнату тәртібі өзгерді: ескілерін ауыстыру керек пе

9 қарашадан бастап Қазақстанда су есептегіштерді орнату талаптары жаңарды. Енді жаңадан орнатылатын және істен шыққан құрылғылардың орнына қашықтан дерек жіберетін есептегіштер қойылуы керек. Осыған байланысты тұрғындарда бұрыннан қолданыстағы есептегіштерді де ауыстыру қажет пе деген сұрақ туындады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа талаптарға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Kursiv.Media Krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қолданыстағы есептегіштерді ауыстыру керек пе
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, жұмыс істеп тұрған су есептегіштерін жаңасына ауыстыру міндетті емес. Олар жарамды болса және белгіленген мерзімде тексеруден өтіп тұрса, әрі қарай пайдалануға болады. Әдетте мұндай тексеру төрт-бес жыл сайын жүргізіледі.
Есептегіш істен шықса, тозса немесе тексеру нәтижесінде пайдалануға жарамсыз деп танылса ғана оны ауыстыру қажет.
Яғни жаңа талап күшіне енгені үшін ғана қолданыстағы есептегішті жаңасына алмастырудың қажеті жоқ.
Қашықтан дерек жіберетін есептегішті қашан орнату керек
Жаңа үлгідегі есептегішті үш жағдайда орнату қажет:
- Су есептегіші алғаш рет орнатылғанда;
- Бұрынғы құрылғы істен шығып, оны ауыстыру қажет болғанда;
- Ескі есептегіштің пайдалану мерзімі аяқталғанда. Әдетте бұл мерзім 10-15 жылды құрайды және оны өндіруші белгілейді.
Бұл талап пәтерлерге, жеке тұрғын үйлерге және заңды тұлғаларға да қатысты.
Су есептегішке кім жауап береді
Құрылғының жұмысына, техникалық қызмет көрсетуіне, жөнделуіне, тексеруден өтуіне және көрсеткіштерінің берілуіне жауапты тарап есептегіштің кімнің меншігінде екеніне байланысты анықталады.
- Су жеткізуші ұйымның балансындағы есептегіштерге сол ұйым жауап береді;
- Тұтынушының меншігіндегі құрылғыларға меншік иесі жауапты;
- Құрылысы аяқталмаған үйлердегі есептегіштерге тапсырыс беруші немесе құрылыс салушы жауап береді;
- Су жеткізушіге тиесілі емес жалпыүйлік есептегіштерге МИБ, ПИК немесе басқа басқарушы ұйым жауапты болады.
Жаңа талаптар елдімекендердің орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған су құбыры желілеріне және табиғи су айдындарынан алынатын суды бастапқы есепке алу жүйелеріне қолданылмайды.
Есептегішті ауыстыру ақысын кім төлейді
Пәтердегі су есептегішін ауыстыру шығынын оның меншік иесі өтейді. Орнатушы компаниялардың бағасына жүргізілген шолу бойынша, бір есептегішті алғаш орнату орта есеппен 17 мың теңге, ал ескісін жаңасына ауыстыру шамамен 12 мың теңге тұрады. Егер екіден көп есептегіш орнатылса, қызмет құны арзандауы мүмкін.
Тағы да оқыңыз: 2028 жылға дейін Қазақстанда 3,6 млн «ақылды» су есептеу жүйесі орнатылады