Үлкен ауылында атомшыларға арналған жаңа қалашық салынады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Үлкен ауылында жаңа қалашық пайда болады
Үлкен ауылында жаңа қалашық пайда болады / фото: Жамбыл облысы баспасөз қызметі

Үлкен ауылында 33 мыңға дейін тұрғыны бар атомшылар қалашығын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.

Сәтқалиевтің айтуынша, жаңа атомшылар қалашығы қолданыстағы ауылдың құрамына біріктіріледі. Мұнда тұрғын үйлер, мектептер, медициналық нысандар, кадрларды даярлау және қайта даярлау орталықтары салынып, қонақүй инфрақұрылымы, қызмет көрсету саласы мен бизнес те дамитын болады.

«Бұл жеке жұмысшылар кенті болмайды. Бұл – өмір сүруге қажетті барлық ілеспе инфрақұрылымы бар Үлкен ауылының дамуы», – деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.

Агенттік басшысының айтуынша, Үлкенді Балқаш жағалауындағы ең озық елді мекендердің біріне айналдыру жоспарланып отыр. Ауылдың табиғи ландшафты мен орналасуы да демалыс пен туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Кадр мәселесі және жаңа жұмыс орындары

Сонымен қатар болашақ АЭС қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға арналған оқу-жаттығу орталығын орналастыру көзделген.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бір АЭС құрылысының қарқынды кезінде 15 мыңға дейін жұмысшы, ал станцияны кейіннен пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың қызметкер қажет болады.

Айта кетейік, Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын алғашқы атом электр станциясының қуаты 2,4 ГВт-ты (әрқайсысы 1,2 ГВт болатын екі блок) құрайды.

Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мердігер құрылыс алаңына шыққан сәттен бастап, нысан жеті жылда салынып бітетінін айтқан. Алғашқы АЭС құны 16,4 млрд долларға бағаланып отыр. Оның құрылысы 2027 жылы басталады.

Сондай-ақ оқыңыз