
Әзілкеш Мансар Орынханның жұбайы Нұрайым Халила Instagram парақшасындағы stories бөлімінде отбасындағы жағдайды баяндады. Оның айтуынша, күйеуі алты күн бойы үйге қонбай, өзін бұғаттап тастаған. Нұрайым мұндай жағдайдың алғаш рет емес екенін жасырмады, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.
«Үйге қонбайды, хабарсыз кетеді, барлық жерден бұғаттайды. Алты күн өтті, Алматыда жүргенін білемін. Бірақ мен өз өмірімді сүремін. Оның жоқтығынан өмір тоқтамайды. Бұл бірінші рет емес. Кеше тойға бардым, сол кезде ғана байланысқа шықты», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол үш баласымен баспанасыз қалғысы келмейтінін айтып, күйеуіне отбасына қатысты нақты шешім қабылдау керектігін ескерткен.
«Егер таңдауың көше болса, үйді бізге қалдыр. Бізді таңдамағаның үшін үш баламен тентіретпе. Мен бұл үйден кетпеймін, қусаң да», – деді Нұрайым Халила.
Ал Мансар Орынхан да әлеуметтік желіде отбасына қатысты пікір білдіріп, ажырасуды қаламайтынын және шаңырағын сақтап қалу үшін барлығын жасауға дайын екенін жеткізді.
«Ешқандай отбасы ажыраспасын, балалар жетім қалмасын. Алладан тек соны тілеймін. Менің ең үлкен байлығым – менің отбасым. Оны дәлелдемесем де, бәрі белгілі. Менің отбасыма менен артық ешкімнің жаны ашымайды және жақсы көрмейді. Әйелімді маған қарсы айдап салып жатқан кейбір адамдар, қандай жиіркенішті едіңдер. Мен отбасымды сақтап қалу үшін барлығын жасаймын. Жасап та жүрмін», – деп жазды әзілкеш.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін оны ақша да, атақ та өзгертпеген.
«Бізде барлығы дұрыс. Қазір барлығы шешілді. Әйел адам ашуланады, ренжиді. Кейбір адамдар Мансарды ақша өзгертті деп жазған. Бірақ мен күндіз-түні еңбек етуімінің себебі де отбасым. Әзіл саласында жүрсем де, ақымақ адам емеспін. Жастар арасында барлығы болады», – деп жазды ол.