Қазақстанда әйелдер әлі көп, алайда алшақтық қысқарып келеді

Қазақстанда әйелдер ерлерден 459 мыңға жуық көп. Дегенмен соңғы жылдардағы көрсеткіштер демографиялық таразының біртіндеп теңдікке қарай ойысқанын байқатады. Ал 2026 жылғы III тоқсанның соңындағы дерек бұл үрдістің күрделірек екенін көрсетеді. Kursiv.Media статситика бюросының жаңа дерегін талдап көрді.
2026 жылғы 1 қазанда Қазақстан халқы 20 миллион 633 мың 529 адамға жеткен. Оның 10 миллион 87 мың 417-сі — ерлер, 10 миллион 546 мың 112-сі — әйелдер. Ел тұрғындарының 48,89 пайызын ерлер, 51,11 пайызын әйелдер құрайды.
Басқаша айтқанда, Қазақстандағы әр мың әйелге шамамен 957 ерден келеді. Сан жағынан басымдық әлі де әйелдер жағында. Бірақ бірнеше жыл бұрын бұл алшақтық үлкенірек еді.

Таразы басы біртіндеп теңесіп келеді
2022 жылдың басында әйелдер ерлерден 475 591 адамға көп болған. 2026 жылғы III тоқсанның соңында айырма 458 695 адамды құрады. Осы аралықта алшақтық 16 896 адамға, шамамен 3,6 пайызға қысқарған.
Мұны әйелдер санының азаюымен түсіндіруге болмайды. Екі топтың да саны өскен: 2022 жылдың басынан 2026 жылғы қазанға дейін ерлер қатары 573 633 адамға, әйелдер қатары 556 737 адамға толыққан. Ерлер саны сәл көбірек өскендіктен, арадағы айырма да біртіндеп тарылған.
Халық құрамындағы өзгеріс те осыны көрсетеді. Ерлер үлесі 48,78 пайыздан 48,89 пайызға көтерілген. Қозғалыс бар, бірақ оның ауқымы шағын: өсім шамамен 0,11 пайыздық тармақ қана.
Сондықтан «ерлер мен әйелдер саны таяуда теңеседі» деуге бұл дерек жеткіліксіз. Әзірге айтылатын тұжырым – Қазақстан сандық тепе-теңдікке баяу жақындап келеді.
2026 жылғы тоғыз айдың тосын тұсы
Биылғы көрсеткішке жеке қарасақ, қызық көріністі көруге болады. Жыл басында әйелдер ерлерден 458 456 адамға көп еді. Үшінші тоқсан аяқталғанда айырма 458 695 адамға жеткен. Яғни абсолют алшақтық 239 адамға ұлғайған.
Себебі қаңтар–қыркүйек аралығында ерлер саны 66 734 адамға, әйелдер саны 66 973 адамға көбейген.
Соған қарамастан ерлердің халық ішіндегі үлесі өте аз мөлшерде өскен: жыл басындағы 48,8818 пайыздан қазанда 48,8885 пайызға жеткен. Неге? Ерлердің бастапқы саны азырақ болғандықтан, олардың салыстырмалы өсімі әйелдердікінен сәл жоғары шыққан.
Осылайша, адам санымен есептегенде аралық аздап үлкейгенімен, халық құрамындағы үлеспен өлшегенде теңдікке қарай қозғалыс жалғасқан.
Қала мен ауылдағы көрсеткіш екі түрлі
Жалпыұлттық көрсеткіштің астарында тағы бір айырмашылық бар. 2026 жылғы 1 қазанда қалаларда әйелдер ерлерден 622 566 адамға көп болған. Ал ауылдарда, керісінше, ерлердің саны әйелдерден 163 871 адамға артық.